Брифинг

Зейнетақы мөлшері артты

Өңірлік коммуникациялар қызметінде Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің облыс бойынша департаментінің басшысы Аслан Оразбековтің қатысуымен баспасөз конференциясы өтті. Басқосуда Аслан Ұланұлы 2025 жылғы зейнетақы мен әлеуметтік жәрдемақылардың мөлшері туралы айтып берді.

2025 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша облыс бойынша ортақ зейнетақы алушылардың жалпы саны 139 181-ді, базалық зейнетақы алушылардың саны 132 684 адамды құраған. Осы жылы зейнетақы мен жәрдемақылардың барлық түрлерінің мөлшері ұлғайтылған. Жыл басынан бері қалыптасқан зейнеткерлер үшін ынтымақты зейнетақы мөлшері 8,5 пайызға артқан.

Сонымен қатар спикер мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға берілетін, көпбалалы отбасыларға төленетін жәрдемақы, «Күміс алқа», «Алтын алқа» иегерлері, «Батыр ана» атағы мен «Ана даңқы» ордендерінің І және ІІ дәрежесімен марапатталған аналар үшін арнайы белгіленген жәрдемақы жайын да кеңінен баяндады.

Өткен жылдың басынан бастап зиянды еңбек жағдайында жұмыс істейтін азаматтар 55 жасқа толғанда және кемінде 7 жыл міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын төлегендерге арнаулы әлеуметтік төлем беріле бастапты.

Сондай-ақ 2023 жылы жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарына ақшалай өтемақы төлеу ережелері қабылданған екен. Осыған байланысты қуғын-сүргінге ұшыраған азаматтардың балалары да өтемақы алу құқығына ие болған. Бүгінде 1 559 адамға 232 миллион теңгеден астам қаржы төленіпті.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ