Қаламгерлерге құрмет көрсетілді
Облыс әкімі Ербол Қарашөкеев ҚР Жазушылар одағының басқарма төрағасы Мереке Құлкенов пен аймақтағы зиялы қауым өкілдерімен кездесті.
Жиында Ербол Қарашөкеев Жазушылар одағының ел бірлігін нығайтып, ұлт руханиятын байыту жолында атқарып жатқан жұмысын жоғары бағалайтынын айтты.
Кездесу барысында Мереке Әбдешұлы облыс әкімін Жазушылар одағының жұмысы мен алдағы жобалары жайында хабардар етіп, ұсыныстарын ортаға салды.
Атап айтқанда, Тараз қаласында шығармашылық үйін салу, өзге өңірлерде еңбек етіп жүрген әдебиет өкілдеріне «Жамбыл топырағында туған көрнекті қаламгерлер», Шерхан Мұртаза атындағы «Қызыл жебе» әдеби сыйлықтарын тағайындау, жыл сайын Шерхан Мұртазаның туған күніне орай ауқымды форум өткізу, қала орталығынан қаламгерлер аллеясын ашу, Жазушылар одағының облыстық филиалының мүшелеріне стипендия беруді қарастыру сынды бірқатар мәселені алға тартты.
Жүздесуде тараптар облыс қаламгерлерінің мәселелерін талқылап, өңіріміздің әдеби, мәдени, рухани өмірін жаңа белеске көтеру жайында пікір алмасты. Өз кезегінде облыс әкімі Ербол Шырақпайұлы басқарма төрағасының ұсыныстарына қолдау білдіретінін жеткізді. Сондай-ақ биылдан бастап аймақтағы Жазушылар одағының мүшелеріне 500 мың теңге көлемінде стипендия берілетінін айтты.
Кездесу барысында бірқатар ақын-жазушы «Қазақстанның Құрметті жазушысы» атанды. Олардың қатарында Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, жазушы, драматург, Жамбыл облысының Құрметті азаматы Елен Әлімжан, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Шырын Мамасерікова, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Қайырбек Асанов, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі, жазушы, журналист Көсемәлі Сәттібаев бар.
Басқосуда ақын Жұлдыз Бейсекова мен Нұржан Әліш Қазақстан Жазушылар одағының мүшелігіне қабылданып, куәліктері табысталды.
Сонымен қатар жазушы Пернебай Дүйсенбин, драматург Елен Әлімжан, ақын Шырын Мамасерікова сөз сөйлеп, өңірдің әдеби өміріне қатысты ойларын айтты.
Айжан ӨЗБЕКОВА