Жамбыл жаңалықтары

Экономикаға инвестиция тарту – аса маңызды мәселе

Аймақ басшысы Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен әкімдіктің кеңейтілген мәжілісі өтіп, онда өңірдің 2024 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары және бюджеттің атқарылуы туралы мәселе қаралды. Басқосуға Тараз қаласы мен аудан әкімдері, басқарма басшылары, құқық қорғау органдарының өкілдері қатысты.

Жиын барысында облыс әкімі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Үкіметтің кеңейтілген отырысында еліміздің дамуының басты бағыттарын айқындап бергенін атап өтіп, осыған байланысты өткен жылы қол жеткізілген жетістіктерді саралап, алдағы кезеңде атқарылуы тиіс жұмыстарға тоқталды. Әсіресе ауылшаруашылығы, өнеркәсіп, инвестиция тарту, инфрақұрылымды дамыту және халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту мәселелеріне ерекше мән берді.

Бірінші кезекте экономиканы әртараптандыру және шетелден инвестиция тарту маңызды екенін сөз еткен облыс әкімі өткен жылы 214 миллиард теңгеге 35 жоба іске асырылып, 1,5 мың жаңа жұмыс орны құрылғанын, 2028 жылға дейін 3,6 триллион теңгені құрайтын 82 жобаны жүзеге асыру жоспарланып отырғанын жеткізді. Оның ішінде 16 жоба шетелдік инвесторлардың қаржысымен іске асырылып, жалпы көлемі 2,5 миллиард теңге инвестиция тарту жоспарланыпты. Осы мақсатта «Жамбыл инвест» дирекциясы құрылып, бүгінде отандық және шетелдік инвесторларға «бір терезе» қағидаты бойынша көмек көрсетіле бастаған.

Облыс әкімі өз сөзінде инфрақұрылымды дамыту ісін жаңа деңгейге көтеру, цифрлық технологияны дамыту, агроөнеркәсіп кешенінің әлеуетін арттыру, салық-бюджет саясатын халыққа түсіндіру тұрғысында жауаптыларға нақты міндеттер жүктеді.

Кеңейтілген әкімдік мәжілісінде алдымен облыс әкімдігі экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Сандуғаш Абдралиева баяндама жасады. Оның айтуынша, облыстың экономикалық өсімі өткен жылы 104,3 пайызды құраған. Дегенмен бұл республикалық көрсеткіштен 1,9 пайыздық тармаққа төмен. Жалпы өнеркәсіп, құрылыс, сауда және көлік салаларында оң динамика байқалғанымен кейбір бағыттарда өсім бәсеңдеген. Мысалы, өнеркәсіпте өндіріс көлемі 1,9 пайызға ғана артса, электрмен жабдықтау (17,5 пайыз) және сумен жабдықтау (8,5 пайыз) салалары жақсы нәтиже көрсеткен. Алайда кен өндіру саласындағы өсім небәрі 1,3 пайыз деңгейінде қалып отыр. Ауылшаруашылығында өндірілген өнім 488,6 миллиард теңгеге жетіп, малшаруашылығының үлесі 2,2 пайызға ұлғайыпты.

Жалпы өңір экономикасы алға жылжыса да осы жылы кейбір салалар ерекше назар аударуды талап етуде. Осыны еске салған Е.Қарашөкеев аудан әкімдері мен тиісті басқарма басшыларынан жауап алып, оның ішінде шетелден инвестиция тарту ісі сылбыр екеніне айрықша тоқталды.

Бұдан кейін облыс әкімдігі ауылшаруашылығы басқармасының басшысы Қайрат Көшеновтің, қаржы басқармасының басшысы Батырхан Әкектің, Жуалы ауданының әкімі Жалғас Мұртазаның, Т.Рысқұлов ауданының әкімі Ернар Есіркеповтің есебі тыңдалды.

Жиында Ербол Шырақпайұлы өңірдің тарихи мұрасына ерекше назар аудару, туристік бағдарларды жандандыру, туристік инфрақұрылымды дамыту және қызмет көрсету сапасын арттыру бойынша нақты ұсыныстар енгізілу керектігін айтты. Жуалы және Жамбыл аудандарында демалыс орындарына қажетті инфрақұрылым тарту жұмыстары жеделдетіліп, мүмкіндігінше тез арада жүзеге асырылуы тиіс екенін, бұл аудандарда жол мәселесі шешіліп жатқанымен газдандыру және басқа да инфрақұрылымдық мәселелерді назардан тыс қалдырмауды атап өтті. Аудандардың мүмкіндігін жан-жақты зерттеуді әкімдерден талап етті. Жамбыл ауданында туризмді дамыту әлеуеті жоғары екенін, Жасөркен ауылы жақтағы Талас өзені бойында бірнеше сауықтыру-туризм орталығын салуға болатынынан мысал келтірді. Жауаптыларға тек кабинетте отырмай іссапарға шығып, Астанадағы әріптестермен тәжірибе алмасып, нақты шешімдер ұсынуды, ауылдық елді мекендердегі мобильдік байланыс пен интернет сапасын арттыру жұмыстарын жалғастыруды тапсырды.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ