Жаңалықтар

Жамбыл жастары «Таза Қазақстан» эко-акциясын бірауыздан қолдайды

«Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық жоғарғы колледжінде студенттер арасында «Таза өлке» атты дөңгелек үстел отырысы өтті, деп хабарлайды arainfo.kz

Тәрбиелік тағылымы мол басқосу барысында өңірде «Экологиялық мәдениет» ұғымын қалыптастыру туралы жас буын тарапынан ұтымды ұсыныстар айтылды.

Осындай бағыттағы шаралар облыс аудандарында да ұйымдастырылды. Жамбыл ауданында жастар арасында «Табиғатты аялайық» викторинасы ұйымдастырылса, Жуалы ауданында «Жастар – ел болашағы» атты дөңгелек үстел отырысы, Қордай ауданында «Таза болса табиғат, аман болар адамзат» тақырыбында жастармен кездесу, Мойынқұм ауданында ауылдық округтер арасында «Таза аудан» челленджі өткізілді.

Сонымен қатар,  Т.Рысқұлов ауданында «Таза өлке бізге аманат» тақырыбында еңбек ардагерлері жастармен, Шу ауданында волонтерлар №10 Шу коллледжінің студенттерімен кездессе, Меркі ауданында жастар арасында «Таза Қазақстан – біздің қолымызда» атты флешмоб, Сарысу ауданында «Бірге – Таза Қазақстан!» тақырыбында эко-ойын, Талас ауданында «Таза Қазақстан – Таза әлем» атты жастардың жоғарғы сынып оқушыларымен кездесуі ұйымдастырылды.

Айта кетейік, аталған шаралар облыста «Таза Қазақстан» акциясы аясындағы ағымдағы жылғы алғашқы апталық. Былтырғы жылы акция барысында 60 тарихи-мәдени ескерткіш, 143 саябақ пен сквер аумағы, 829 шақырым каналдар мен арық жүйесі, 137,5 мың аула мен 4,8 мың шақырым көше жолдары тазартылып, 30 875 тонна қоқыс шығарылған болатын. Сондай-ақ,  60 мыңға жуық көшеттер отырғызылған.