Жаңалықтар

Қызмет пен өнерді қатар алып жүрген ҚАЖ қызметкері

Өнер – адам таңдамайды. Өнерге қара күш пен дөрекі сөздің қажеті жоқ. Мұнда мәдениетті мысқыл, уытты сарказм басты рөлге ие.

Ең әуелі талаптанған әр адам өнердің сиқырлы әлеміне ене алуы керек. Ал, Құдай жаратқан пендесін өнерден алыс етпесе, ол өрге жүзетіні ақиқат. Демек, бойында таланты бар жан қандай қызметте жүрсе де, өнері оны көкке жеткізеді. Бұған дәлел – ҚАЖ қызметкері Руслан Балықбаев. 

Әділет капитаны бүгінгі таңда өңірлік Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне бағынысты қауіпсіздігі барынша төмен №26 түзеу мекемесінде сотталғандар арасындағы тәрбие және әлеуметтік-психологиялық жұмысы бөлімшесінде жасақ бастығы лауазымында қызмет етеді. Иығына погон таққан офицер қызметтің ауырлығы мен асқан жауапкершілігіне қарамастан өнерден де құр алақан емес. Нәтижесінде ол өткен жылы облыс бойынша «Үздік жасақ бастығы» атанды.

2018 жылдан бері ҚАЖ саласында тер төгіп жүрген Руслан Жеңісұлы бұған дейін әртүрлі деңгейдегі байқауларда бой көрсетті. Тіпті ол бірқатар конкурстан жүлделі орындарды иемденді. Мекеменің мәдени-танымдық іс-шараларына белсене қатысатын оның бұл күнде ұл-қызы да өнерге жақын. Мәселен, жуырда ғана «Менің жұлдызды отбасым» байқауында үздік өнер көрсеткен Балықбаевтар отбасы марапатқа ие болды. Айта кетейік, Руслан Балықбаев 5 баланың әкесі.