“Қамал” оқу-жаттығуы өтті
Жамбыл облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты №58 мекемесінде төтенше жағдайлардың алдын алу және қорғану мақсатында “Қамал” оқу-жаттығуы ұйымдастырылды,деп хабарлайды arainfo.kz
Шара барысында төтенше жағдайларға жедел әрекет ету дағдылары жетілдіріліп, қауіп-қатердің алдын алу және жою бойынша қызметкерлердің дайындығы пысықталды. Сонымен қатар, жеке құрамның физикалық және жауынгерлік қабілетін арттыруға, қызметкерлердің өзара үйлесімді әрекетін ұйымдастыруға басымдық берілді.
Мекеменің жеке құрамы дабыл белгісі бойынша көтеріліп, оқу-жаттығуға 80-ге жуық қызметкер қатысты. Олардың қатарында мекеме басшылығы мен жеке құрам қызметкерлері болды. Жаттығу барысында шынайы ұрыс жағдайына барынша жақын сценарий қолданылып, бұл мекеме аумағында ықтимал төтенше жағдайлар кезінде жедел әрекет ету жүйесін жетілдіруге мүмкіндік берді. Осындай оқу-жаттығулар ҚАЖ мекемелерінде қауіпсіздік деңгейін арттырып қана қоймай, қызметкерлердің психологиялық және физикалық дайындығын нығайтуға да оң ықпалын тигізеді. Алдағы уақытта мұндай шаралар тұрақты түрде ұйымдастырылатын болады.