Татуласу – дауды шешуде оңтайлы шешім
Қазіргі таңда Қазақстан Республикасы сот жүйесінде маңызды міндеттердің бірі – мүмкіндігінше істерді бейбіт жолмен, бітімгершілікпен шешу болып табылады. Сондықтан да соттарда бірнеше пилоттық жобалар іске асуда.
Жалпы, тараптар арасында туындаған дауды шешудің ең оңтайлы, тиімді тәсілі - дауды бітімгершілікпен шешу екендігі мәлім. Алайда оны әлі күнге дейін де білмейтін сотқа жүгінуші тараптар да бар. Татуластыру рәсімдерін жүргізу Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексімен, Қазақстан Республикасы Қылмыстық процестік кодексімен, Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексімен, Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексімен, Қазақстан Республикасының әкімшілік рәсімдік-процестік кодексімен және Қазақстан Республикасы әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексімен қарастырылған.
Тіпті «Сотқа дейін татуласу» деген ұғым да заңмен белгіленген, яғни бұл деген дауды (жан-жалды) соттың қатысуынсыз, сотқа жүгінбей-ақ тараптар дауды өзара шеше алады деген сөз. Тараптар арасындағы даулар кәсіби және кәсіби емес медиаторларға, адвокаттарға, заңгерлерге, нотариустарға және т.б. жүгіну арқылы шешіп, бір мәмілеге келе алады.Тараптар сотқа жүгінген уақытта азаматтық, қылмыстық және әкімшілік, әкімшілік рәсімдік істерді қарау кезінде өндірістің кез-келген сатысында медиациялық келісіммен аяқтай алатынын да атап өту қажет. Азаматтық сот өндірісіне келетін болсақ, талап арыз сотқа түскен сәттен бастап оны сот шешімі шығарғанға дейін азаматтық іс бойынша тараптардың татуласуға мүмкіндіктері бар.
Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (әрі қарай-АПК) 48-бабының 1-тармағына сәйкес, талап қоюшы талап қоюдың негізін немесе нысанасын өзгертуге, талап қою талаптарының мөлшерін көбейтуге немесе азайтуға немесе талап қоюдан бас тартуға құқылы, жауапкер талап қоюды тануға құқылы, тараптар істі осы Кодекстің 169, 170, 171-баптарында және 17-тарауында көзделген қағидалар бойынша татуласу келісімімен немесе дауды (жанжалды) медиация тәртібімен реттеу туралы келісіммен не дауды партисипативтік рәсім тәртібімен реттеу туралы келісіммен аяқтай алады.
Сондай-ақ, АПК-нің 277-бабының 6-тармағына сәйкес, сот, егер тараптар дауды (жанжалды) медиация тәртібімен реттеу туралы келісім, дауды партисипативтік рәсім тәртібімен реттеу туралы келісім жасасса және оны сот бекітсе, iс бойынша іс жүргізу тоқтатылады. Тараптар аталған келісімді жазбаша түрінде жасап, келісім азаматтық іске тіркеліп, АПК-нің 278-бабына сәйкес, оларға іс бойынша іс жүргізуді қысқартудың тәртібі мен салдары түсіндіріледі, ал іс бойынша іс жүргізу сот ұйғарымымен тоқтатылады.
Сот, дауды (жанжалды) медиация тәртібімен реттеу туралы келісімді зерттеп, жасалған келісім заңға қайшы келмейтінін, басқа біреулердің құқықтарын, бостандықтарын және заңмен қорғалатын мүдделерін бұзбайтынын, сондықтан дауды (жанжалды) медиация тәртібімен реттеу туралы жазбаша келісімді бекітуден бас тартуға негіз жоқ екенін ескеріп, тараптармен жасалған дауды (жанжалды) медиация тәртібімен реттеу туралы жазбаша келісімін бекітіп, іс бойынша іс жүргізуді тоқтатып, сот ұйғарымында мемлекеттік бажды талап қоюшыға осы Кодекстің 107-бабының талаптарына сәйкес қайтару туралы көрсетеді. Мәселен, Жамбыл облысы кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотымен 2024 жылдың 12 айында 4144 азаматтық іс қаралса, оның 466 ісі медиация мен бітімгершілік рәсімін, қолдану арқылы тоқтатылған.
Соттар істерді өндіріске қабылдау және қарау кезінде де жүргізіліп жатқан өндірістің кез-келген сатысында тараптардың ортақ келісімге, шешімге, консенсусқа келу мақсатында оларға түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Алайда, дауласушы тараптар бітімгершіліктің екі тараптар үшін де тиімді және оңтайлы шешім екендігін толық түсіне бермейтінін атап өткен жөн.
Думан Болатұлы Мәуленов,
Жамбыл облысы кәмелетке толмағандардың
істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы