Қоғам

Гүлмен де емделуге болады

Қыс мезгілінде тұмаурататындардың шамадан тыс көбейіп кететіні белгілі. Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша, жіті респираторлық, вирустық және бактериялық инфекциялармен сырқаттанушылық көрсеткіші күз-қыс айларында өсіп, 100 мың балаға шаққанда орташа есеппен 1 800-ді құрайтын көрінеді.

Сырқаттан сақтанудың ең тиімді жолы – вакцина, гигиеналық ережелерді сақтау және дәруменге бай көкөністерді ас мәзіріне енгізу. Дегенмен мезі еткен ауруларды жеңуге кәдімгі бөлме гүлі де көмектесе алады екен.

Тараз қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде білім алатын 14 жасар Айзере Төлепберген білім беру ұйымдарында жұқпалы аурулардың таралу қаупін азайту үшін өсімдіктерді дұрыс таңдайтын мобильді қосымша жасап жатыр.

Патогендік бактериялардың өсуі мен дамуын тежейтін биологиялық белсенді заттарды бөлетін ең көп таралған өсімдіктер қатарына фикус, хлорофитум, бегония, пеларгония, монстера, спаржа, гүлшетенді жатқызуға болады.

Мектеп оқушысы мобильді қосымшаны жасау тамаша тәжірибе ғана емес, сонымен қатар өзекті мәселені шешуге көмектесетін мүмкіндік деп санайды.

Мектепті абаттандыру үшін фитонцидтік өсімдіктерді таңдағанда бірнеше қағидаларды ескерген жөн. Біріншіден, өңірде оңай табылатын гүлдерді таңдау керек. Тиісінше оңтүстік Қазақстанның континенттік климатына бейімделе алатын болуы тиіс. Емдік қасиеттерге ие болуы да міндетті. Сондай-ақ гүлдерге күтім жасау қиынға соқпауы тиіс. Өсімдіктің аллергенді еместігі, улылығы аз болуы да маңызды. Сонымен қатар өсімдіктер оқушылар үшін барынша қауіпсіз, яғни тікенсіз болғаны дұрыс.

«PhytoSmart» мобильді қосымшасының прототипі «Flutter» бағдарламалау тілінде жазылған және жергілікті деректер базасын пайдаланады. «Android» және «iOS» жүйелеріндегі смартфондар үшін екі нұсқасы жасалған.

Жобаның коммерциялық әлеуеті зор. Мысалы, ол гүлдерді таңдап қана қоймай, оларды қайдан және қандай бағамен сатып алуға болатынын бірден көрсететіндей етіп басқа жүйелермен біріктірілуі мүмкін. Дегенмен жоба авторының түпкі мақсаты – пайда табу емес, жұқпалы аурулардан зардап шегетін оқушылардың санын азайту.

Ақтоты ЖАҢАБАЙ