Қоғам

Надан тәуіп жаныңды алар...

Соңғы жылдары айды аспаннан бір-ақ шығаратын емшісымақтардың есімі дұрыс жағынан танылмай тұр. Оған маңдайының қақ ортасына жалт-жұлт еткен моншақ жапсырылған сәлде орап, үнді әндеріне жұлқына билеп, жұртшылықты емдеп жүрген Ұлықбек Смановтың өрескел қылығы дәлел.

«Балаларды азаптады» деген айып тағылған ер адам Қазақ-Араб университетінде жоғары білім алып, «Отырар» колледжінде музыкадан дәріс берген. Абайсызда адам өлтіргені үшін істі болған. Бірақ қылмысын темір тордың ар жағында емес, арнайы емханада өтеген. Шизофрения диагнозы қойылған ер-азаматтың «Шалабай атамның әруағы» деп аласұра айғайлап, жынды көбелектей шыр айнала адам емдеп жүрген бейнероликтері әлеуметтік желіде желдей есті.

Алты рет шаңырақ көтеріп, соңғы некеден екі қыз сүйген. Соңғы әйелімен бірге 6 баланы асырап алған. Ол үшін тіпті арнайы курстан өтіп, сертификатқа да қол жеткізген көрінеді. Халық алдында өзін «аруақ қонған әулие» деп таныстырған. Емделушілерді ән айтып, жұлқынып жүріп, шапалақ ұрып, билеп тұрып ем жүргізеді. Жұрт сенді. Естерінен тана үдере көшіп, ем алуға келгендер оның үйінде айлап тұрды. Емшіні мақтап, мадақтады. Сонда Ұлықбектің асыраған алты баласын байлап ұстап, нәжісін жегізіп, ит пен мысықтың етін бергенін ол уақытта ешкім білмеді. Емделушілер оны тек мықты емші, адал азамат деп танып, әрбір сөзіне иланды. «Аңқау елге – арамза молда».

Ұзақ жылдар бойы балгерлер мен емшілерге қатысты жаға ұстатар жайттар толастаған емес. «Ауыл Береке» базарында алдына ақ мата төсеп, тәспі, Құран кітап, құмалақ жайып жағалай отырғандарға қайырылғаным сол, әлдекімнің ерекше дауысы елең еткізді. Жалт қарадым. Ақ жамылғысы бар, басына үкі тағып, түрлі-түсті моншақтың бірнешеуін мойнына ілген әйелге көзім түсті. Оның «Тоқал аламын деушілерге – тоқал, қатын аламын деушілерге қатын тауып беремін. Сүйгеніңді қайтарамын. Бал ашып, бай тауып беремін, жолыңды ашып, өзім ұзатамын» деп дарылдаған жағымсыз әрі жуан дауысы жұртты өзіне қаратты.

Мен қасына барғаным сол, «Жартылай айт десең, 2 жарым мың теңге. 5000 теңгеге толық айтып беремін» деп бетіме бір қарап, әлгі жаттанды сөздерін тағы қайталай бастады. «Айта беріңіз» деп қолына қаражат ұстаттым. Бетіме қарап тұрып: «Бір қиындық бар екен. Уайымдама, бәрі жақсы болады. Басың ауыра ма?» – деп сұрады. «Иә» дей салдым. «Біліп тұрмын. Бір шай ішсең жазылып кетеді» дегенде күлкімді әзер тыйып, ернімді тістеп қалдым. Сол сәт әлдекім «келді» деп баж ете қалып еді, жол бойындағылар өре түрегеліп қаша жөнелді. Бірі алдына жайған жаймасын қойнына тықса, енді бірі қара басын сауғалап кетті. Бұл – базар заңы, көше көрінісі. Мұнда шындық жоқ. Тек пайымдау ғана бар екеніне көз жеткіздік.

Жалпы бақсы-балгерлер жайлы дін не дейді? Осы сауалдың жауабын облыстық «Һибатулла Тарази» мешітінің найб имамы Ғалымбек Жапектен сұрағанды жөн көрдік.

Осы орайда өзімнің де дүниеге келуім тылсымға толы болғаны жөнінде үлкендерден естіген әңгіме еске түсті. Анам жеті құрсақ көтеріпті. Бірақ Алланың қалауымен олар шетінеп кете берген екен. Бала тұрмағаннан кейін әкем мен анам емші апайға барыпты. Сонда әжей бір қой алып келу керектігін айтады. Қойды әкелген соң анама: «Қос уыс жем бер. Жемді жеп, соңынан малдың үлкен және кіші дәреті бірге келсе, балаларың болады, олай жасамаса, бала тұрақтамайды», – депті.

Етегіне жас толған шешем алақанымен жемді алған сәтте-ақ шауып келген қой қос уыс жемді жеп, соңынан қолдан берген суды ішіп, үлкен және кіші дәретін бірге жіберіп қойыпты. Сонда бақсы кемпір қолын жайып жіберіп: «Тоғыз ай, тоғыз күнде ұрғашы лақ туасың, әумин», – деп бетін сипаған екен. Ертеңіне ұйықтап жатқан анам түс көреді. Түсінде үлкен үйдің қалт-құлт еткен қылдай өрт сөндіру сатысымен маңдай тері сорғалап, әне-міне құлап кетердей қауіп-қатерге толы бесінші қабатына әзер шығыпты. Сөйтсе, үйдің төбесі алып базар екен. Сол базардан сәбиге арналған қыз көйлек сатып алады.

Расымен де әжейдің айтқаны айдай келіп, әрі өзі түсінде көргендей, мен дүниеге келіппін. Алайда әке-шешемді уайымға салып, күндіз-түні дамыл таппай жылай беріппін. Сөйтіп, тапқан сәбиі тапқандай шетінеп, жүрегі шайлыққан анам құндақтаулы мені құшақтап, ол уақытта есімі алыс-жақынға танымал Қожағаппар есімді көріпкел кісіге барады. Ұзын-сонар кезекте тұрған 50 шақты адамның соңын ала анам тұрыпты. Сәлден соң іштен көріпкелдің көмекшісі шығып: «Емші ата сәби көтерген келіншекке кірсін деп жатыр», – деп хабарлайды. Анам ішке кіре сала көріпкел қария: «Әй, бағаналы бері сені күтіп отырмыз ғой», – деп дүрсе қоя беріпті. Сосын құндақтаулы маған қарап: «Жылай береді. Бір жері ауырады ма деп уайымдайды екенсің. Ауру тұрмақ, бәлесі де жоқ, дені сау. Бірақ ішінде айта алмай жатқан дүниесі бар, соны шығара алмай қиналып жатыр. Тілі жоқ, айта алмайды, не жаза алмайды, соны жылап шығарады. Өзің бесінші қабаттан алған жоқсың ба, өлмейді балаң», – деген екен.

Анам үйден шығарда 3 сомды сол қалтасына, одан жақсы айтса 5 сом бермекші болып оң қалтасына салған екен. Сол бес сомдықты берген кезде емші ата: «Алмаймын 5 сомдығыңды. Маған арнап салған сол қалтаңдағы 3 сомдығыңды бер», – депті.

Көзінің тірісінде аты жер жарған Қожағаппардың алдына дертіне дауа іздеп бармаған жан кемде-кем шығар. Осы әңгімеге мына бір болған оқиға тұздық болсын. Қазақстан Республикасының Халық және рухани емшілері мекемесінің толық мүшесі Динара Орынтайқызы әлдебір дертке душар болып, талма ауруына ұшырайды. 14 жасар жасөспірім қызға қария ем-домын жасап, жазып береді. «Сен кейін емші боласың. Егер 18-ге толғаныңда мен тірі болсам, келіп кетерсің. Тірі болмасам, көрерсің» деп шығарып салады.

Қожағаппар атаға қаралғаннан кейін Динара талма ауруынан құлантаза айығады. Мектеп бітіріп, Жамбыл (қазіргі Тараз) қаласында медициналық училищеге оқуға түседі. Туғаннан оң көзі қыли біткен бойжеткен қатты қысыла бастайды. Ақыры көз дәрігері Овсянникова ота жасап беруге келіседі. Овсянникова оң көзге жасалатын отаға кіріскенде, неге екені белгісіз, қыздың аяғы жан шыдатпай ауырғаны соншалық, әлдекім оң аяғын кесіп жатқандай күй кешеді. Оң көзге жасалған ота сәтті аяқталып, бірақ сол күні оң аяқтан қалады.

Күн өткен сайын жағдайы нашарлап, ол енді жүре алмайтын халге жетеді. Белінен төмен қарай буыны ұстамай, белі мен денесі екі жаққа айналып кететін. Екі жылға жуық уақыт төсек тартып жатқан Динараны ата-анасы Жамбыл қаласының тұрғыны Бектұр Мыңбаев есімді емшіге алып келеді. Сонда Бектұр ата: «Тоғыз күн емдеймін. Қызда аруақ бар. Құдай жазса, үлкен емші болады. Дәрігерлер көп қинаған екен», – депті.

Үш күннен соң қабырға жағалап жүре бастап, тоғызыншы күні аяғына тұрған Динара емшіліктегі жолын ең алғаш 14 жасар Мәдина есімді қыздан бастайды. Дәрігерлерден ем қонбаған соң үміт үзген қыздың бетін бері қаратып, жаңа өмір сыйлаған. Мәдина бүгінде үлкен қызметкер екен.

Емші емдеу барысында көзіне қара көзілдірік киіп алады. Оның себебі, оң көзінің қарашығы рентген сәулесін шығарарда аунақшып тұрады екен. Бұл құбылыстан емделуші шошынып қалуы мүмкін. Динараны қараған арнайы білімі бар мамандар көзінде рентген сәулесінің ұшқындарындай күш бар деп тапқан. Осы саланың білгірі, профессор В.М.Инюшиннің лабораториясында да арнайы тексеруден өткен. Динара өзінің адамның ішкі құрылысын анық көре алатын рентген көзінің сыры туралы әлі де толық білмейді.

Шариғатта көріпкелдікпен айналысу (ғайыпты білемін деп жариялау) және сол ісін кәсіп етіп тапқан табысы – харам саналған. Бұл шариғат рұқсат етпеген жолмен келген ақша. Сонымен бірге «тәуіпке барып, өткен және болашақ жайлы немесе бір істің немен бітерін сұрау да харам» деп пәтуа берген. Балгер, көріпкел өзін ғайыпты білемін деп жатса, ал адам одан ғайыпты сұрауға барса, онда олар ғайыпты тек Алланың білетінін теріске шығарып, Құран аятына қарсы шығады. Олай болса, бұл – үлкен күнә.

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ