Жастар

Тараздық вайнердің туындылары трендтен түспейді

Соңғы кезде тараздық жайдарманшы Еламан Юсуптың бейнероликтері әлеуметтік желілерде миллиондаған қаралым жинап, көрерменнің ықыласына бөленуде. Еламан күнделікті өмірдегі түрлі жағдайларды әзіл әнмен жеткізіп, ерекше стиль қалыптастырған вайнерлердің бірі ретінде танылып келеді. Табиғи актерлік шеберлігі мен тапқырлығы оның бейнероликтерінің кең таралуына ықпал етуде.

Еламан университетте оқып жүрген кезінде қасына достарын жинап, «Медиум» атты топ құрып, «Jaidarman» сахнасында өнер көрсетуге бел буады. Әрине, бірден жоғары лигада ойнау мүмкін емес. Алдымен факультетаралық «Jaidarman» ойынынан бастап, қалалық, облыстық, аймақтық ойындарда жеңімпаз атанып, «Жоғары лигаға» жолдама алады. «Медиум» командасы 2018 жылы «Жамбыл облысы әкімінің кубогын», 2019 жылы «Нұр Отан кубогын» жеңіп алған. Команда екі жыл қатарынан республикалық «Премьер лига» ойынының жартылай финалына дейін барып, 2021 жылы республикалық «Жоғары лига» ойынының ширек финалына жеткен. Жігіттердің жетістігі мұнымен тоқтаған емес. Қызылорда қаласында өткен республикалық «Tour.Battle.Show» жобасының бас жүлдесін жеңіп алып, «Елорда кубогы – 2023» жобасының күміс жүлдесін қанжығаларына байлаған.

Еламан бүгінде «Ұnight Show» телебағдарламасында өнер көрсетуде. Аталған бағдарламада «Ұрлайық» айдарын жүргізіп, «Рэп батл» бөлімінде жалғыз өзі барлық құрамға қарсы жарысып, көрерменнің көңілінен шығуда.

Сөз басында айтып өткеніміздей, кейіпкеріміз рэп жанрында әзіл ән шығарып, бейнеролик түсіріп, әлеуметтік желінің жұлдызына айналды десек те артық айтқанымыз емес. Әр бейнебаян өмірлік оқиғаға негізделіп түсірілген. Мәселен, алғашқы жарияланған бейнероликте студент жігіттің демалыс кезінде ауылына келуі көрсетілген. Жатақханадан шаршаған бала үйіне келіп, ата-анасымен көріскеннен кейін үй тірлігімен айналысуды жөн көреді. Алайда анасы алғашқы күні ешқандай жұмыс істетпей, ертеңіне бар тірлікті мойнына жүктейді. Әрине, аналарымыздың бұл әрекеті қате деуге келмейді. Себебі ана деген алып есімді көтеріп жүрген асыл жандар отбасының, балаларының жағдайы жақсы болғанын қалайды. Оқиға желісін әзіл әнге келтірген Еламан сөз соңын ойсаларлық әсерде түйіндейді.

«Мен былай ойлаймын, тең келмейтін алтынға,
Сені уайымдайтын ыстық, суық, салқында.
Жұмсап жатса көмектес, айтқанын қыл бар тыңда,
Мама сені жақсы көрем дәл осындай қалпыңда», деген жолдары тыңдаған адамды тебірентері анық. Бұл бейнеролик «Instagram» желісінде 3 миллион қаралым жинап, оқырмандар алғашқы күннен-ақ белсенділік танытып, ыстық лебіздерін білдіруде.

Ал екінші жарияланған бейнероликте әпке мен іні арасындағы оқиға бейнеленеді. Бұл бейнеролик те әлеуметтік желіде трендке айналып, он мыңға жуық адам пародия жасауда. Аздаған уақыттың ішінде«Tik Tok» желісінде 6 миллионнан астам қаралым жинап үлгерген. Ал пародия жасап, әлеуметтік желіге жүктеген әрбір оқырманның бейнероликтері миллион қаралымнан асып жатыр.

Әрине мұндай кейіпкерлерді сомдау кез келген адамның қолынан келе бермейді. Бір өзі барлық рөлді алып шығу актерға да қиындық туғызатыны белгілі. Мәселен соңғы жарияланған, несие туралы бейнеролигінде 6 адамның рөлін жалғыз өзі ойнап шыққан. Бұл бейнеде барынша несие алмауға тырысу керектігін жеткізеді. Несиені несие алып өтемеу, несиеге тамақ ішіп, киім алмау және несиеге той жасау секілді маңызды мәселені көтерген.

Аздаған уақыт ішінде әлеуметтік желінің жұлдызына айналып, түсірген бейнероликтері трендтен түспей жүрген Еламан Юсуптың шығармашылығына толағай табыс тілейміз. Өнер жолындағы жұлдызы жарық болсын дейміз.

Мұқағали БАЛТАБАЕВ