Үйін мұражайға айналдырған ақсақал
Осыдан оншақты жыл бұрын шаңырағы шаттыққа толы Байқұлиевтер әулетімен танысқан едім. Отағасы Әшірбай ақсақал мен отанасы Жанбота әжейдің әр ісі жаныңа жарық сыйласа, бір-біріне деген сыйластыққа толы ізгі ілтипаты жүрегіңді жылытып қоя береді. Төрде тұрған бесігі, керегедегі ілулі домбырасы, қол диірмен мен келі-келсабы, текемет пен сырмағы бабалар дәстүрінен сыр шертеді.
Отанға деген шексіз махаббатын кіші отанының табалдырығынан бастаған жұпқа қарап тұрып-ақ, ұлтты ұлықтаудың өзі ең үлкен бақ екенін ұғасың.
Бірреттік таныс-білістен соң-ақ ала сиырдың уызын ішуге, кезекті жаңа дүниенің жасалуын көруге шақырып, ақ дастарқанын қайманаға дейін жайып қарсы алатын қонақжай пейілдері мен кіршіксіз түсінік-танымдары бұл отбасының құндылығы тереңде екенін аңғартады.
Анасы киіз үйдің сәндігі үшін түрлі шашақтар мен оюлы әшекейлер, жүннен тұскиіз, матадан кестеленген кілемше, сырмақ сырып, әсіресе киіз үйдің көркемдігі үшін жасалатын шашақтардың түр-түрін жасаса, «...шеше көрген тон пішер» демекші, қызы кесте тігіп, құрақ құрап отырады. Бұл әулеттің аталары ағаштан ою ойып, темірден түйін түйген ұста болса, Әшірбай ақсақал киіз үйді қайта қалпына келтірумен (реставрация) айналысады. Ал «Әке көрген оқ жонар..» дегендей, кейінгі ұрпақ, яғни ұстаның немерелері де қолөнермен айналысып, келі мен келсап, бесік, домбырадан бастап, астаулардың түр-түрін жасайды.
Қазақ халқы көне заманда қолданған қоржындар, аяққап пен ұршық салғыштардың түр-түрі осы үйдің келіндерінің қолынан шыққан бұйымдар. Бұл жерден табалдырыққа төселетін тулақтан бастап, оюлы киіз, кесте, сылдырмақ, шоқпар, үкілі кәмшат, бүрмелі көйлек, кимешек пен шапан, киізден жасалған оюлы аяқкиімге дейін табуға болады. Бұл отбасы үшін өмірдің мәні көненің көзіне айналған бұйымдарда екенін ұғасың.
Әр адамның жүрегінде өз арманы бар. Бір бала ақша бұлтты қақ жарып көк жүзіне самғайтын ұшқыш болуды қиялдаса, енді бірінің арманы асу-асу белдер мен мұхиттарды басып озып, мыңдаған шақырымдарды аралап жүретін саяхатшы атану. Бірі бала жанын ажалдан арашалап қалар ақ халатты абзал жан болуды мақсат тұтса, бала Әшірбай ес білгелі мұражай аралағанды жаны сүйетін. Сақ, ғұн дәуірлерінен қалған дүниелер туралы құныға ізденіп, оларды музейден тауып, тарихын зерттегенді ұнататын.
Есейе келе қай қалаға барса да алдымен мұражайын аралайтынды шығарды. Өзі де қалтасында соңғы тиыны қалғанша көне дүниелерді сатып алып, сақтағанды әдетке айналдырды. Жұрт алтынды қымбат деп бағаласа, Әшірбай ақсақал үшін қазақтың қолданған бұйымдарынан асқан қымбат дүние жоқ.
Қазақы бұрыш жасауды мақсат тұтқан отбасы төрге киіз үйдің шаңырағын жасатады. Жанбота әжей мен келінінің қолынан шыққан түрлі оюлы әшекей бұйымдар мен шашақты дүниелер көздің жауын алғандай. Төрге осы үйдің ұлының қолынан шыққан домбыра ілініп, босағаға келі мен келсап, диірмен қойылған. Дөңгелек үстел үстінен ағаш астау, кесе, оюлы ожаулар орын тапқан. Керегеге түлкінің терісінен жасалған жамылғының түр-түрі ілінген.
Әшірбек ақсақалдың мұражайға деген махаббаты, ұлттық құндылықтарға деген құмарлығы үйін мұражайға айналдыруға себеп болды. Мұнда «Әке көрген оқ жонар», «Көненің көзі», «Келін мен ене», «Қыз бен ана» сынды бұрыштар бар. Әр бұрыш атына заты сай, отбасы мүшелеренің қолынан шыққан бұйымдармен толықтырылған.
Кимешегі ажарын аша түскен Жанбота әжей бүгінде асүйге көбірек көңіл бөлетінін айтып, ірімшік қайнатып, құрт жасап жүр.
Үйдің төрінде ілініп тұрған «Жазылмаған қазақ заңдылығы» деген үшбу сөзге көзім түсті. Мұны Әшірбай ақсақал өз қолымен жаздырыпты. Ол жазбада қазақ кімге не беруі мен нені алуы керектігі және қандай тілек тілеуге міндетті екендігі көрсетілген. Ақсақал немерелеріне осы жазбаны жаттатып, күнделікті сұрап отырады екен.
Өңірін ою өрнектеген Әшірбай ақсақалдың үйіне барған адам бәрін құшақтауға, өмірді сүюге, ұлттық құндылықтарды құрметтеуге асығады. Соны үйренеді. Жасай бер, Байқұлиевтер әулеті!
Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ