Біз – нағыз еңбектің адамымыз!
Бір-біріне жалғасқан әсем де сәнді бой түзеген үйлері бар көшеде қыбырлаған жан жоқ. Бірлі-жарым көліктер гүрілдеп тасжолмен ызғып барады. Таң алагеуімде көкжиектен көтерілген күнмен таласа суық та, тұнық ауаны сіміріп алып, таңғы жұмысына қуана, сүйсіне кірісетін адамдар да бар. Олар – өз өмірін қала көшесінің тазалығымен байланыстыратын беттерін күн қақтаған, ойлы жанары алысты шолған, сары жейделі, сабырлы мінезді, екі қолына күрегі мен сыпырғысын қару қылып ұстаған қайсар мінезді көше тазалаушылар.
Қала ішіндегі көшелердің топырақ, құмын сыпырып, қыста қарын күреп, қоқысын жинап, көше бойының сәнін келтіретін жандар осылар. Иә, көшенің сәнін кіргізеді, себебі көшенің көзге көрінбейтін тазалығы, жұмысы өте көп. Асфальт жиектерін, бордюрлардың құмын сыпыру, шөптерін жұлу, арық жүйелерінің қоқысын тазалау, қар күреу нағыз бейнет. Олар шағын саябақтар мен адам бір мезгіл сейіл құратын демалыс орындарын тазалау, жаяу жүргіншілер жолын сыпыру, жол бойы қоқыс жәшіктерінің шашылған қоқысын жинап, тазартып отырады. Қиындығы көп, ауыр жұмыс болса да адал еңбектің нанын осы көше тазалығы мамандығынан тауып отырған жандар ең үлкен құрметке ие дер едім.
Тазалық – ол әр адамның өн бойынан, үйінің, ауласының, көшесінің тазалығынан, үлкен ауқымда алсақ, табиғат тазалығынан бастау алып, ой тазалығына дейін көтеріледі. Қоршаған орта тазалығына салғырт қарауға болмайды, жас жеткіншектер де мұны түсінгені абзал. Күнде дене еңбегімен шыныққан тазалықшылардың ой тазалығы да тұнық. Сары күртесін тастамайтын сабырлы жандар – жылдың төрт маусымының төрт түрлі мінезіне төтеп берген ерен еңбектің адамдары.
Ортақ табиғат – ортақ үй. Ал табиғаттың тазалығы әрбір ұлтты ойландыруы керек. Табиғат тазалығы күнделікті қарапайым іс-әрекеттен басталса құба-құп болар еді. Кез келген адам тазалық мәдениетін ұстанып, көшеде кетіп бара жатқанда қолындағы ішілген сусын мен желінген тәттінің қаптамасын не пластиктен жасалған немесе шыны ыдыстарды, алюминий қалбырларды, тіпті қағаз қаптамалар мен полиэтилен пакеттерді көрінген жерге лақтыра салуды доғарса ғой. Осындай қоқыстарды тастамай, арнайы қоқыс жәшіктеріне салып отырса, сіз бен біздің көше тазалығына қосқан үлкен үлесіміз зор болар еді. Бұл мәдениетіміз бен адамгершілік құндылығымыздың жоғары көрсеткіші әрі осы кәсіп адамына деген сый- құрметтің белгісі болмақ.
Еңбектің жаманы жоқ, қоғамда қолынан іс келмейтін немесе істегісі келмейтін адам бар деп ойлаймын. Көше тазалықшылары әр ісіне ұқыпты, жауапты қарайды. Кейде бізден тұрғындар «Осы еңбек несімен қызықты?» деп сұрайды. Сондағы берер жауабымыз біреу-ақ. «Жол біз үшін бітпейтін қызықтың бастауы, саяхат. Кейде жолда қызықты оқиғаларға тап болып, бейтаныс адамдарға да қол ұшын береміз. Көше бойын аралап, өзімізге тиесілі аумақты тазалап, сыпырып жүріп жаңарған, гүлденген қаланың сәнін көреміз. Сондай сәтте қала көркіне өз үлесімізді қосқанымызды мақтаныш тұтамыз» дейміз.
Адал да ауыр еңбектің нанын жеу осы жандарға бұйырған. Бұл салада еңбек еткеніме де тоғыз жылдың жүзі болыпты. Алғаш 2016 жылы қарапайым жұмысшы болсам, кейін көмекші, енді жол тазалығы шебері қызметіне дейін көтеріліп, табанды еңбек етіп келемін. Мен де осы еңбектің дәмін таттым, қысы-жазы, күннің ыстық-суығына күйіп-жандым, жаңбыры мен қарын тобықтан кештім. Тынымсыз еңбек пен атқарған ісіме жауапкершілікпен қараудың арқасында осы кәсіптің шыңына шығып келемін. Оған өз білімім де әсер етті. Өйткені мен кезінде табиғат тазалығына жақын эколог мамандығын игергенмін. Тағдыр деген қызық қой. Жаным қалаған мамандықты игерген маған табиғатқа дәл осылай қамқор болуды нәсіп етті.
Қазір «Жасыл ел-Тараз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жол тазалығы учаскесінде қызмет ететін адамдардың дені көпбалалы аналар, жалғызбасты жандар, еңбек демалысына бір-екі жыл қалған қариялар. Осы мамандықты отбасын асырау үшін табыс көзі қылған ер-азаматтар, тұрмысы ауыр қыз-келіншектер қара жұмысты белін жазбастан атқарып, қоршаған ортаның қалыпты деңгейде болуы мен қоғамның дамуына зор үлес қосуда. Олар айналаның гүлденіп, көріктенуі үшін жанын аямауда. Жол тазалығының қиындығы да жоқ емес. Күнделікті жұмыс барысында жол жиегіндегі жұмысшыны көлік қағып, жарақат алып қалатын және қайғылы оқиға орын алатын кездер де болып тұрады. Көлік жүргізушілері кейде жол беріп, тазалық жұмысының саябыр таппауына ынта білдіргені қуантады. Кейде мейрам күндері, әсіресе 8 наурыз – Халықаралық әйелдер мерекесінде қолындағы гүлшоқты ұсынып немесе басқа да сыйлық беріп, тазалықшыларды қуантып тұратын қала тұрғындары мен жеке кәсіпкерлер, ұйымдар да бар. Қыстың суығында осындай ізгі ниеттегі адамдар ыстық шайы мен тәттілерін ұсынып, көңілімізді көтеріп тастайды. Ораза айында мешіттерден көмектер беріліп, тұрмыс жағдайы төмен отбасыларға қаржылай көмек қолын созатын қайырымды жандар да кездеседі.
Азға қанағат қылған ақжарқын жандардың көкейінде өкініші де бар. Еңбекақының аздығынан баспанаға қол жеткізе алмай, «Отбасы банкі» арқылы қолжетімді бағада тұрғын үй алу үшін кезекке тұрып, таңын үмітпен атыратын отбасылар арамызда қаншама?
Өз еңбегіңің жемісін жеп, осы ортадан зейнетке шыққан жандар да жетерлік. Ауыл, аудан, облыс әкімінің марапаттарын алып, құрмет тақтасына суреті ілініп, билбордта бейнесі жарқырағандар да баршылық.
Еңбек еткен адамның үлкен-кішісі жоқ, кәсіптің де үлкен-кішісі болмайды. Тек қана абыройлы, маңдайалды еңбек, ақ адал нан ғана бар. Біз нағыз еңбектің адамымыз, сонымен мақтанамыз! Осы ретте:
«Қолына ұстап сыпыртқы, күрек, қайласын,
Екі білектің күшімен көрген пайдасын.
Көшенің көркін, келбетін сомдап, тазартқан,
Дәл біздей жанды кім көрді, қане, қайдасың?
Төрт мезгілде тартынбадық еңбектен,
Қанағат қылдым қара жұмысты терлеп мен.
Нәпақа тауып, отбасын жүрген асырап,
Жұмысшылар, қайсар едің сен неткен!
Ерін кеберсе, көркіңді сенің кім бақсын,
Күс-күс қолдардан өзгермес бірақ сымбат, сын.
Жылы сөзіңмен алғысты жаудыр, аянба,
«Сары күртелі» адамдар маған қымбатсың!» деп, табанда ойға оралған бірер шумақты көмейден осылай ағытқым келді.
Біз үнемі жол бойында жүреміз. Сондықтан жол мен жанның амандығын сұрап, тұрғындар адал еңбегіне «рақмет» деген бірауыз жылы сөз арнаса, алғыс алсақ, бұл көше тазалықшылары үшін үлкен мәртебе, құрмет!
Жанаргүл ТОЛАШҚЫЗЫ,
«Жасыл ел-Тараз»
ЖШС-ның жұмысшысы