Қоғам

Білікті мамандар ұлт сапасын арттырады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында: «Біз жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясын насихаттаймыз. Бұл «Адал азамат – Адал еңбек – Адал табыс» қағидатына толық сай келеді. Қоғамда еңбекқорлық, кәсібилік сияқты қасиеттер өте жоғары бағалануға тиіс. Өз кәсібін жетік меңгерген мамандар ұлт сапасын арттырады. Жұмыстың жаманы жоқ, кез келген еңбек – қадірлі. Ең бастысы, әркім жауапкершілікті терең сезініп, өз міндетін сапалы атқаруға тиіс. Сонда ғана еліміз дамудың сара жолына түседі», – деп атап көрсетті.

Жұмысшы мамандығының мәртебесін көтеру – қоғамда еңбек адамының қадірін арттыру, оның кәсіби біліктілігін шыңдау, жұмысшының қарым-қабілетін жан-жақты бағалау арқылы жүзеге асатын сан салалы үдеріс. Бұл міндетті шешу үшін кәсіби білім беру жүйесін жетілдіру, біліктілікті арттыру, еңбек жағдайларын жақсарту, еңбекақы мен әлеуметтік кепілдіктерді көбейту, жұмысшы мамандықтарын жаңарту, мән-маңызын кеңінен насихаттау, мемлекеттік, қоғамдық, жергілікті деңгейде қолдау көрсету сынды кешенді іс-шараларды жүйелі жүргізу қажет.

Ел Президентінің бастамасымен 2025 жылдың «Жұмысшы мамандықтарының жылы» болып жариялануына орай барлық өңірде ұйымдастырылатын іс-шаралар жоспары әзірленді. Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен бекітілген «Жұмысшы мамандықтарының жылын» өткізу жөніндегі іс-шаралар жоспары 70 қадамнан тұратын 7 негізгі бағытты қамтиды. «Жұмысшы мамандықтарының жылын дайындау мен ұйымдастыру», «Кәсіптік бағдар беру жұмысын дамыту», «Жұмысшы кадрларды даярлау жүйесін жетілдірудің және ТжКБ тартымдылығын арттыру», «Жұмыс берушілердің жұмысшы кадрларды даярлауға және қолдауға қатысуын кеңейту», «Жұмысшы мамандықтарының имиджін ілгерілету», «Жұмысшы кадрлардың құқықтарын қорғау тетіктерін күшейту», «Жастардың әлеуметтік белсенділігін арттыру» бағыттары бойынша жоспарланған қадамдар кешенді шараларды іске асыруды көздейді.

Атап айтқанда, жұмыс берушілердің жұмысшы кадрларды даярлауға және қолдауға қатысуын кеңейтудің 10 қадамы бойынша өңірлерде құрылатын жаңа кәсіпорындарда жаңа жұмыс орындарын ашу, іске асырылатын жобалар шеңберінде тұрақты және уақытша жұмыс орындарын ашу, жұмыскерлердің біліктілігі мен жұмысшы мамандықтарының мәртебесін арттыру жөніндегі нақты іс-шаралар ұйымдастыру жоспарланған.

Осы орайда елімізде кәсіпорындардың (ұйымдардың, мекемелердің) өтінімдері бойынша кадрлар даярлауды 15 мың орынға арттыру, оның ішінде колледж түлектерін жұмысқа орналастыру міндеттемесімен кәсіпорындардың өтінімдері бойынша жұмыс берушілерді кадрлар даярлауға тарту міндеті қойылып отыр. Бұл жас мамандарды жұмысқа орналастыру мәселесін шешуге тікелей ықпал ететін, олардың болашағына деген сенімді күшейтетін маңызды қадам болып табылады.

Облысымызда 2024 жылы іске асырылған 35 инвестициялық жоба аясында 1 400 жаңа жұмыс орны құрылса, ал 2025-2028 жылдары іске асырылатын 62 инвестициялық жоба аясында 5 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарлануда. Осылайша жұмысшы мамандықтарын игерген колледж түлектерінің жұмысқа орналасуына үлкен мүмкіндіктер берілуде.

Сонымен қатар Жұмысшы мамандықтарының жылы аясында кәсіби біліктілікті тану орталықтары ашылатын болады. Орталықтардың ашылуы колледждердің түлектері, сондай-ақ кәсіпорындардың жұмыскерлерінің біліктілігінің халықаралық талаптарға сәйкестігін айқындауға және олардың әлемдік еңбек нарығындағы бәсекеге қабілеттілігін арттыруға ықпал етеді.

Облыстың ірі кәсіпорындарының базасында кәсіби біліктілікті тану орталықтарын ашу арқылы инвестициялық жобалар аясында ашылатын жаңа жұмыс орындарын халықаралық талаптарға сай келетін жұмыскерлермен қамтамасыз етуге мүмкіндік бар.

«Жұмысшы мамандықтарының жылын» өткізу жөніндегі іс-шаралар жоспарының қадамдары жұмыс берушілердің сұранысына сай өз кәсібін жетік меңгерген, кәсіби біліктілігі шыңдалған, әлемдік еңбек нарығында бәсекеге қабілетті жұмысшы кадрларды даярлауды қамтамасыз етеді.

Жанар ОРЫНБАЕВА,
облыстық қоғамдық кеңестің хатшысы