Оқушылар «AULIEATA-MEDIA» серіктестігінде
Тараз қаласындағы Әлихан Бөкейханов атындағы №1 мектеп-гимназияның оқушылары «AULIEATA-MEDIA» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне қарасты «Аq jol», «АR-АI» және «Знамя труда» газеттерінің редакцияларына және «Jambylinfo.kz» ақпарат агенттігіне экскурсия жасады.
Экскурсия барысында оқушылар редакцияларды аралап, облыстық газеттердің тыныс-тіршілігіне қанығып, мұрағатта сақтаулы тұрған ескі басылымдарды тамашалап, түрлі бағыттағы түсірілген көне суреттермен танысты. Сонымен қатар редакция қызметкерлерімен тілдесіп, әр нөмірге материал дайындау өте күрделі және жауапты іс екенін білді.
Журналист әрқашан іс-шараға баруға, сапалы фотосуреттер түсіруге, маңызды әрі шынайы ақпарат жинауға және мәтін жазуға дайын болу керектігін түсінген оқушылар тілшінің міндеті ауыр екенін сезінгендіктерін айтты.
Кездесу барысында оқушылар өз ісінің мамандарына сұрақтарын қойып, экскурсия соңында газеттердің жаңа нөмірін сыйға алды.
«AR-AI»-ақпарат