Экологиялық акция аясында аллея ашылды
Жуырда аудан орталығының Елім-ай көшесінде орналасқан суқойма жағалауынан жаңадан бой көтерген аллея тұрғындар игілігіне берілді.
Жаңа нысанның ашылу салтанатына келген ауыл тұрғындарының қарасы көп болды. Аллея шекара бекетінің жанында орналасқандықтан ауылымызға ерекше көрік беретіні сөзсіз. Себебі алыстан көрініп тұрған жасанды пальма ағаштары өзіне еріксіз назар аударады. Аллеяның айналасы сәнделіп, маңайына қиыршық тас төселіп, толықтай жарықтандырылған. Сонымен қатар серуендеушілер демалатын арнайы орындықтар қойылған. 40-қа жуық шырша және 30 шақты катальпа сәндік ағаш көшеті отырғызылыпты. Одан бөлек айналасын көгалдандыру жұмыстары да назардан тыс қалмаған. Кішкентай балақайларға арналып ойын алаңшасы да салынған.
Ашылу салтанатына қатысқан аудан әкімі Бегзат Сейсенқұлұлы қордайлықтарды жаңа аллеяның ашылуымен құттықтады.
Аллеяның лентасын қию рәсімі Қордай ауданының Құрметті азаматтары Құрманғали Уәли мен Төле Сүгірбайға ұсынылды. Дәстүр бойынша шашу шашылып, кейін іс-шараға келгендер аудандық өнер мектебінің суретшілері дайындаған көрмені тамашалап, жас шахматшылардың ойынын көрді.
Еркін ҚАТБЕКОВ,
журналист,
Қордай ауданы