Өрендер өндіріс орындарына барды
Жұмысшы мамандықтарының жылы аясында Тараз сервис және технология колледжінің жұмысшы мамандықтарында оқитын студенттері мен ерікті жастар облыстағы ірі өндіріс орындарына эксурсия жасады.
Экскурсияны облыстық жастар ресурстық орталығы мен «Ауыл» партиясының облыс бойынша өңірлік филиалы ұйымдастырды. Жастар іс-шара барысында «ALASHPROM» және «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктеріне барды.
Экскурсия арқылы өндіріс орындарының тыныс-тіршілігі, техникалық құрал-жабдықтары, жұмыс барысы жастарға кеңінен таныстырылды. Негізгі мақсат – жұмысшы мамандығының мәртебесін көтеріп, қоғамда еңбек адамының қадірін арттыру. Жұмысшы қарым-қабілетін жан-жақты бағалап, қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясын дәріптеу.
Экскурсия барысында қатысушылар өндірістік желілердің техникалық сипаттамаларымен және зауытта қолданылатын технологиялармен танысты. Зауыттың соңғы технологияларды қалай қолданатынын және өндірістің әр кезеңі қалай мұқият реттелетінін бақылады. Олар өңірдің экономикасы үшін осындай кәсіпорындар жұмысының маңызды екендігіне көз жеткізді.
Келесі кезекте студенттер мен ерікті жастар «Қазфосфат» ЖШС Минералды тыңайтқыштар зауытына жол тартты. Бұл компания Қазақстан Республикасы заңнамасына сәйкес 1999 жылы 27 қазанда құрылған. Негізгі өндіріс көзі облыста шоғырланғандықтан компанияның операциялық қызметі Тараз қаласындағы кеңсесі арқылы басқарылады. Ал бас кеңсесі Алматы қаласында орналасқан.
Мұнда сапалы өнімдерді өндіру мен қайта өңдеуден бастап дайындау мен жеткізуге дейінгі барлық процестер қамтылады. Бұл компанияның негізгі қызметі – геологиялық барлау жұмыстарын жүргізіп, фосфорит кенін өндіріп, қайта өңдеп, фосфорлы минералды тыңайтқыштар мен жемшөп фосфаттарын өндіру. «Қазфосфат» ЖШС өнімдері Еуропа, ТМД және Орталық Азия елдерінің нарықтарына жеткізіледі.
Осы күні түс қайта «Қазфосфат» ЖШС-ның «Жаңа Жамбыл фосфор» зауытына Тараз қаласының №4 мектебінен 150 оқушы үшін экскурсия ұйымдастырылды.
Экскурсия барысында оқушыларға фосфор өнімдерін өндірудің негізгі кезеңдері, еңбек қауіпсіздігі және жұмысшылардың рөлі туралы жан-жақты ақпарат берілді. Мұндай іс-шаралар жұмысшы мамандықтарының беделін арттыруға, болашақ мамандарды еңбек нарығының сұраныстарына бейімдеуге және жастардың өндірістік кәсіпорындарға деген қызығушылығын арттыруға бағытталған. Бұл экскурсия оқушыларға өз болашақ мамандығын дұрыс таңдау үшін үлкен мүмкіндік беріп, өндіріс саласының маңыздылығын тереңірек түсінуге ықпал етті.
Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ