Жаңалықтар

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей Федерациясы Үкіметінің төрағасы Михаил Мишустинмен кездесті

Мемлекет басшысы «Ақорда» резиденциясында Еуразиялық үкіметаралық кеңеске және Digital Almaty 2025 цифрлық форумына қатысу үшін Қазақстанға келген Ресейдің Премьер-министрі Михаил Мишустинмен кездесу өткізді,деп хабарлайды arainfo.kz

Ақорданың мәлімдеуінше,кездесуде екі елдің стратегиялық серіктестігін дамыту перспективасы талқыланып, сауда-экономикалық, инвестициялық ынтымақтастықты, соның ішінде Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы қарым-қатынасты жандандыруға баса назар аударылды.

Қасым-Жомарт Тоқаев екі ел арасындағы достық пен тату көршілікті нығайтуға Михаил Мишустиннің қосқан үлесін жоғары бағалады. Сонымен қатар Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путиннің былтыр 27 қарашада Астанаға жасаған мемлекеттік сапары кезінде қол жеткізілген уағдаластықтарды жүзеге асырудың өзекті екенін атап өтті.

Михаил Мишустин мемлекеттер басшылары алға қойған міндеттерді нақты іске асыруға дайын екенін мәлімдеді.

Михаил Мишустин Қасым-Жомарт Тоқаевқа екі елдің үкіметтік делегациялары арасында жүргізілген келіссөздердің нәтижесі туралы ақпарат беріп, күн тәртібінің барлық спектрі бойынша қол жеткізілген уағдаластықтардың өзара тиімді ықпалдастықты одан әрі нығайтуға қызмет ететініне тоқталды.

Кездесуде энергетика, өнеркәсіп, көлік инфрақұрылымы, ауыл шаруашылығы және басқа да салалардағы бірлескен жобаларды жүзеге асыруға баса назар аударылды. Сонымен қатар ғылыми-техникалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықтың өзекті мәселелері талқыланды.

Мемлекет басшысы Ресей Президентінің Мәскеудегі Жеңістің 80 жылдығына арналған мерекелік іс-шараға шақыруын қабыл алғанын айтты.