Жаңалықтар

«Қызыл кітаптың» жаңа басылымы жарыққа шығады

Қазақстанда «Қызыл кітаптың» бесінші басылымы жарық көред, деп хабарлайды arainfo.kz сайты 24.kz-ке сілтеме жасап.

Бұл басылымда елімізде мекендейтін 217 жан-жануардың түрі қамтылған. Жаңа тізімге ақбас құмай мен құмай құс, қамыс мысығы, қара лашын және шаянның үш түрі қосылды. Бұл жолы «Қызыл кітапқа» сирек кездесетін 11 жаңа түр еніп отыр. Ғалымдар қамыс мысығының санының айтарлықтай азайып бара жатқанына алаңдаушылық білдіруде. Сондай-ақ, жойылып кету қаупі жоқ 19 түр, негізінен жәндіктер, тізімнен алынып тасталды.

«Қызыл кітап» тек табиғат қорғауды ғана емес, сонымен қатар жан-жануарлардың құқықтық мәртебесін де анықтайтын маңызды құжат болып табылады. Бұл басылымда өсімдіктер мен жан-жануарлардың атаулары да жаңартылып, 59 түрдің атауы нақтыланды. Атап өтерлігі, Зоология институты бұл жұмысты Қазақ тіліндегі терминологиялық комиссиямен бірге жүзеге асырды. Қызыл кітапқа енген жануарлар мен өсімдіктердің мекендейтін картасы көрсетіліп, олар арнайы қорғалады.

Алғаш рет 1978 жылы жарық көрген Қазақстанның «Қызыл кітабы» бүгінде өзінің бесінші басылымына жетіп отыр. Бұл басылым 16 жылдық үзілістен кейін дайындалып, келесі айда көпшілікке ұсынылады. Ғалымдардың айтуынша, осы құжаттың нәтижесінде соңғы жылдары елімізде тоғай бұғысы, арқар мен қарақұйрықтың саны айтарлықтай өскен.