Қоғам

Халықтан алғыс алған полицей

Өткен аптада қыс қаһарына мініп, ақтүтек боран соғып, тұрғындар мен жолаушыларды әбігерге салды. Жайсыз күн райы салдарынан республикалық маңызы бар бірқатар жолды жабуға тура келді. Бет қаратпас қарлы боранның басылып, жолдың ашылғанын екі ортада қалған жолаушылар мен шетелдіктер сағаттап көліктерінде күтуге мәжбүр болды. Табиғат тосын мінез танытқан қиын жағдайда жамбылдық полицейлер жолаушыларға қолдарынан келгенінше көмектесіп бақты.

 

Ауа райының қолайсыздығына байланысты омбы қар басқан жолда көлікпен жүру қиынға соқты. Азаматтардың жағдайы туралы хабар алған Тараз қалалық полиция бөлімі патрульдік полиция батальонының инспекторы Серік Есенғали оқиға орнына өз әріптестерімен жедел жетеді.

Жолда қалғандардың бірі – ұлыбританиялық ерлі-зайыпты Силкей мен Киран. Жас отбасы еліміздің бірнеше қаласын аралап, көрікті жерлермен танысу үшін Англиядан келген. Кезекті сапары бойынша Шымкент қаласына бара жатқан жолда шетелдік қонақтар қарлы боранға тап болады. Қонақжай қазақ полицейі Серік шетелдіктерге жол ашылғанға дейін үйінде қонақ бола тұруға ұсыныс білдіреді. «Қиын жағдайға тап болған жанды үйіне құдайы қонақ ету қазақтың ежелден келе жатқан дәстүрі емес пе?» деп әрекетімен мақтанғысы келмеген полицей өзінің әп-сәтте әлеуметтік желінің жұлдызына айналып, Қазақстанға танымал болғанын сезбеген де екен.

Айналада болып жатқан оқиғаның барлығын камераға жазып жүрген туристер – Силка мен Киран жамбылдық тәртіп сақшысымен болған әңгімені де видеоға түсіріп алып, әлеуметтік желілерге таратып жіберген.

Қазақ полицейін қалжыңдап тұр деп ойлаған болу керек:

Полицей көрсеткен мекенжайға келген қонақтарды Серіктің інісі, арнайы жедел әрекет ету арнайы жасағының инспекторы Шыңғысхан Есенғалиұлы күтіп алады.

Қонақжай полицейдің төрінен табылған туристерге үй иелері нағыз қазақы қонақжайлылық таныта отырып, ұлттық тағамдардан дәм таттырды, еліміздің тарихы, мәдениетіміз, салт-дәстүріміз туралы әңгімеледі.

Бір айта кетерлігі, шетелдік отбасының жанында белгілі кәсіпкер Талғат Белесов те болған. АҚШ-та жүріп кәсіп ашып, ісін дөңгелеткен жерлесіміз,  «iCaravan» жобасының авторы Талғат Белесов британдық отбасыға еліміздің Астана, Алматы секілді бірнеше қаласын аралатып, таныстырып жүрген. Ал Таразға ойда-жоқта аялдаған. Негізінде шетелде тұрса да отандық туризмнің дамуына үлес қосып жүрген кәсіпкер бұл отбасымен Астана қаласында «Көшпенділер ойынында» танысқан екен. Ерлі-зайыптылармен бірден достасып, жақын байланысып кеткен Талғат «iCaravan» жобасы аясында жас жұбайларға еліміздің көрікті жерлерін аралатамын деп уәде еткен. Бұл шетелдіктердің Қазақстанға екінші рет келуі болса да осы сапар ұмытылмастай есте қалары анық.

Кәсіпкер Талғат Белесов сол күні жолда қызметте тұрған полиция қызметкерінің қонақжайлығына ризашылық білдіріп, видео жариялады.

«Айша бибі ауылының тұрғындары боранда жолда қалған барлық жолаушыға үйлерін ашып, ыстық тамақ ұсынып жатыр. Серік есімді полиция қызметкері бізді жол үстінде тоқтатып, жол ашылғанша өз үйіне қонақ етті. Сонымен қатар Тараз қаласының басқа да полиция қызметкерлері жолаушыларға қолдау көрсетіп жатыр. Қазақтың бірлігі арта берсін!» – деп жазды автор.

Шетел азаматтары да полиция қызметкерінің әрекетіне таңданысын жасыра алмады. Блогерлер полиция қызметкерлерінің адамгершілігіне тәнті болып, әлеуметтік желідегі парақшаларында бөлісіп, әсерлі видео түсірді. Олар полиция қызметкерлеріне дер кезінде көмек көрсетіп, қамқорлық көрсеткендері үшін шынайы алғыстарын білдірді.

«Біз қарлы боранда тұрып қалдық. Содан кейін осындай мейірімді полицейді кездестірдік. Ол бізді үйіне шақырды. Біз өте көп астан дәм таттық. Түнгі 02:00-ге дейін әңгіме айттық. Қандай тамаша отбасы! Қазақстандағы қонақжайлыққа ештеңе тең келмейді», – дейді шетелдік қонақтар «Instagram»-дағы «stories» бөлімінде.

Ал ертесіне жол ашылып, қонақтар Шымкентке бағыт алды. 36 жастағы полицей бұған дейін де бірнеше жолаушыны қонақ қылған. Осы оқиғадан бір күн бұрын ғана Серік үйіне қарлы боранның астында қалған, құшағында жаңа туған сәбиі бар жас отбасыны қонақ еткен. Олар Алматыдан Түркістан облысына бара жатқан, бірақ Тараздың қақпасынан енді шыға бергенде қар құрсауында қалып қойған. Ақтүтек боран ұйытқыған тасжолда олардың көлігі қалың қарда кептеліп қалады. Полицейлер отбасыны үйлеріне шақырып, ыстық шаймен тамақтандырып, жылындырады.

Көшедегі тыныштықты күзетіп, халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін патрульдік полицей бір күнде сан түрлі жағдайды бастан кешіп жатады. Кейде өміріне қауіп төнген сәтте де қайсарлық танытып, жылдам әрекет ету шарт. Міне, содан да болар, екінің бірі қызығынан қатері басым бұл мамандыққа бет бұра алмас. Осындай жауапты да қауіпті қызметте жүрген Серік әр күні түрлі жағдайға тап болып жататынын айтып қалды.

«Полицейлердің басты міндеті – отбасына аман оралу» деген кейіпкеріміз өткен жылы да Талас ауданындағы тас жолда қалып қойған үш азаматты, сондай-ақ адасып кеткен қойшыны тауып, аман-есен үйіне жеткізген.

Ақтоты ЖАҢАБАЙ