Жамбыл жаңалықтары

Жуалыда «жайлы мектеп» салынуда

Аудан орталығы Бауыржан Момышұлы ауылының төменгі бөлігінен, яғни халыққа қызмет көрсету орталығы мекемесінің артынан көпқабатты жаңа ғимараттың бой көтеріп жатқанын көбіміз білеміз. Ел арасында «бұл нысан жеке мектеп болады екен» деген әңгіме бар. Не болса да бұл тұрғындар үшін, ауданымыз үшін жағымды жаңалық. Сондықтан жуырда соңында құрылыс басына арнайы барып, нысан иесімен сұхбаттасып қайтқан едік.

Талапты ауылының азаматы, жеке кәсіпкер Данияр Бейсалиевтың бастамасымен салынып жатқан үш қабатты ғимарат «жайлы мектеп» екен. Жеке кәсіпкердің айтуынша, 400 балаға арналып салынып жатқан ғимараттың үшінші қабаты 100 балаға арналған интернат.

Кәсіпкер құрылыс жұмыстарын сәуір айына дейін аяқтауды жоспарлап отыр.

Дәл қазір мектептің ішкі әрлеу жұмыстары жүргізілуде. Жылу жүйесі іске қосылған. Ғимараттың іші жып-жылы. Бірқатар жиһаз да келіп үлгерген. Құрылыс жұмыстарын жуалылық азаматтар бес бригада құрамында атқаруда. Әр бригада өзіне қатысты жұмыстарды сапалы орындауға барын салуда.

Жеке кәсіпкердің бастамасына сәттілік тілейміз. Мектеп – ел болашағы жастарға салынған маңызды инвестиция. Ауыл балалары да «жайлы мектепте» оқып, білімін шыңдаса деген кәсіпкердің ниетіне қарай бастаманың сәтті аяқталып, ойдағыдай жүзеге асуына тілектеспіз!

Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
журналист,
Жуалы ауданы