Құрылыс қарқыны қуантады
Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында облыс әкімдігі құрылыс басқармасының басшысы Ерлан Орынбаевтың қатысуымен брифинг өтті. Спикер 2024 жылы құрылыс саласында атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлар туралы баяндады.
2024 жылы құрылыс басқармасы арқылы сметалық құны 255 миллиард теңге болатын 280 жобаға бюджеттен 78,7 миллиард теңге бөлініп, құрылыс жұмыстары жүргізілген. Жыл қорытындысы бойынша 124 нысанның құрылысы аяқталып, ел игілігіне ұсынылса, 119 нысанның құрылысы жоспарға сәйкес 2025 жылға ауыстырылған. Сонымен қатар 2019-2023 жылдары тапсырылуы тиіс болған, бірақ мерзімдері кешіктірілген 17 «сақалды» нысанның құрылысы толық аяқталып, пайдалануға берілген.
Бүгінгі күнге коммуналдық тұрғын үй қорынан пәтер алу кезегіне 39 503 азамат тіркелген екен. 2024 жылы кезектегі азаматтарды әлеуметтік тұрғын үймен қамтамасыз етуге бюджеттен жалпы 40,7 миллиард теңге бөлініп, нәтижесінде 2 830 тұрғын баспаналы болыпты. Оның 1 819-ы әлеуметтік осал топтағылар екен.
2025 жылы құрылыс басқармасы арқылы 176 жобаға бюджеттен 53,2 миллиард теңге бөлініп, іске асырылуда. 156 жобаның 2025 жылы тапсырылуы жоспарлануда. Ал 20 нысан құрылысы 2026 жылға өтпелі.
Эльмира БАЙНАЗАРОВА