Кәсіп

Кәсіптік білімсіз көсегеміз көгермейді

Қазіргі уақытта заманауи білім беру кеңістігінде өскелең ұрпақты кәсіби бағдарлау мәселесі өте өзекті болып отыр. Мектепте кәсіптік бағдар беруді ұйымдастырудың негізгі мақсаттары оқушылардың кәсіби қызығушылықтары мен бейімділіктерін ашуға, белгілі бір мамандықты игерудің нақты мүмкіндіктерін анықтауға, кәсіби өзін-өзі анықтауда психологиялық-педагогикалық қолдау көрсетуге, қоғамда табысты әлеуметтенуге жағдай жасауға бағытталуы тиіс.

Жұмысшы мамандықтары жылына арналған іс-шаралар жоспарында кәсіптік бағдар беру жұмысын дамытудың 10 қадамы белгіленіп отыр.

«Мансап компасы» платформасында кәсіптік бағдар беру жұмысын ұйымдастыру қадамында нақты міндеттер қойылған. Платформа оқушыларға мамандықтар мен өзекті бос орындар туралы ақпаратқа қолжетімділікті ұсынады. Кәсіби диагностика жүргізуге, мансаптық консультациялар алуға және жұмыс берушілермен өзара іс-қимыл жасауға мүмкіндік береді. Бұл мамандықты неғұрлым тиімді таңдауға және бітірушілерді жұмысқа орналастыруға ықпал етеді. Облыс орталығынан алыс орналасқан ауыл мектептерінде платформа арқылы өзекті мамандықтар туралы ақпарат беріп, болашақ мамандықты дұрыс таңдауға көмек көрсетуге болады.

Ал мектептерде 1000 бейіндік сынып құру қадамы аясында еліміздің 1000 мектебінде университеттермен, жұмыс берушілермен және колледждермен бірге экономика салаларын ескере отырып, бағыт бойынша бейінді сыныптар ашылады. Осы мақсатта білім беру ұйымдары мен кәсіпорындар арасында ынтымақтастық туралы меморандумдар жасалады, кәсіпорындар мен оқу орындарының базасында тұрақты іс-шаралар өткізе отырып, міндетті кәсіптік бағдарлау көзделеді. Өңіріміздің орта мектептерінде бейінді сыныптардың ашылуы білім мекемелерінің кәсіпорындармен үнемі тығыз байланыста болуына, оқушылардың экономика салалары туралы толық ақпарат алып, жұмысшы мамандықтарының белгілі бір түрін игеруіне оң ықпалын тигізеді.

Жұмысшы кадрларды даярлау жүйесін жетілдіру мен техникалық және кәсіптік білімнің тартымдылығын арттырудың 10 қадамы ТжКБ жүйесінде заңнаманы жетілдіру бойынша ұсыныстар әзірлеуге, яғни академиялық ұтқырлық, онлайн оқыту, сараланған қаржыландыру, білім беру бағдарламаларының халықаралық стандарттарға сәйкестігін бағалау, колледждерді лигалар бойынша саралау бөлігінде «Білім туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу мәселесін қарауға бағытталып отыр.

Әлемдегі технологиялық өзгерістер мен жасанды интеллекттің жылдам дамуы білім беру жүйесіне үлкен талаптар қояды. Бұл жағдайда білім стандарттарын қайта қарастыру, сондай-ақ оқу орындарының білім беру бағдарламалары мен олардың материалдық-техникалық базасын күшейту қажет. Заманауи білім беру тек оқу бағдарламаларын жаңартумен ғана шектелмейді, бәсекеге қабілетті болу үшін оқушылардың дағдыларын жаңа технологиялармен, цифрлық құралдармен және жасанды интеллектпен үйлесімді түрде дамытуға бағытталуы тиіс.

Білім беру стандарттарын қайта қарастыру – тек білім мазмұнының өзгеруі ғана емес, сонымен қатар оқушылардың ойлау қабілетін дамытуға, шығармашылыққа, инновациялық шешімдер қабылдай білуге үйретуге мүмкіндік беретін жаңа тәсілдерді енгізу. Әсіресе ақпараттық және коммуникациялық технологияларды қолдану дағдыларына ерекше көңіл бөлген жөн. Мұндай білім беру жүйесі болашақ ұрпақтың жаңа әлемде, жасанды интеллект пен автоматтандырылған жүйелердің дәуірінде бәсекеге қабілетті болуына ықпал етеді. Сондай-ақ мектептердің инфрақұрылымын жаңарту да – білім сапасын арттырудың негізгі аспектісі. Заманауи оқу құралдары мен цифрлық ресурстарды пайдалану оқушылардың білім алу процесін айтарлықтай жақсартады. Технологиялардың қарқынды дамуы, жаңа білім беру стандарттарының енгізілуі және оқу орындарының инфрақұрылымын жаңарту жұмысшы кадрларды даярлау сапасын арттырады. Сондықтан бүгінгі таңда еліміздің кәсіптік-техникалық білім жүйесін реформалау міндеттерін табысты жүзеге асыру – баршамызға ортақ міндет.

Марат АБДРАИМОВ,
облыстық қоғамдық
кеңестің төрағасы