Карточкаңызды «жалға» беріп, жаза баспаңыз
М.Х.Дулати атындағы Тараз университеті әлеуметтік жұмыс басқармасының бастамасымен «Заң мен тәртіп» тақырыбында ҚР Қаржылық мониторинг агенттігі облыстық экономикалық тергеп тексеру департаментінің өкілдерімен кездесу өтті.
Жиында сөз алған аталған департаменттің криминалистік бөлімінің басшысы Мақсат Байдалиев интернет-алаяқтық өршіп тұрған уақытта қаржылық сауаттылық деңгейін көтеру әрбір ел азаматы үшін маңызды екенін айтып, интернеттегі құқыққа қарсы контенттің алдын алу жолдарын түсіндірді. Сонымен қатар басқосуда «Қаржы пирамидаларын қалай анықтауға болады? Дропперлер кімдер және заң бұзбау үшін нені ескеру қажет?» сынды өзекті сұрақтар кеңінен талқыланып, қатысушыларға қаржылық қауіпсіздік пен заңды сақтау ережелері жайлы пайдалы кеңестер берілді.
Кездесуде университеттің әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі проректоры Аслан Еділханұлы сөз алып, студенттердің құқық қорғау органдарында қызмет етуге деген белсенділігінің жоғары екенін жеткізді. Жаһандық мәселеге айналған заңсыз ойын бизнесі мен лудоманияның алдын алуға, құмар ойындарына қарсы мінез-құлықты қалыптастыру жайлы сөз қозғады. Сонымен қатар аталмыш тақырып аясында қызмет атқаратын ұйымдардың мәртебесін көтеру үшін алдағы уақытта департамент өкілдерімен тренинг өткізуге ұсыныс тасталды.
Интернет-алаяқтыққа кез келген адам тап болуы мүмкін. Осы жағдайды үйдегі балаларға қатаң ескертіп, ұлды да, қызды да оңай табыс табудан аулақ жүруге үгіттеңіз.
Кездесу соңында көрермендерге арнайы бейнеролик көрсетіліп, спикерлермен студенттер еркін форматта пікір алмасып, естелік суретке түсті.
Эльмира БАЙНАЗАРОВА