Даудың басы – микрозайм
Көпшілік қазіргі таңда банктен несие ала алмаған жағдайда микронесиеге жүгініп жүр. Бұл бір қарағанда қаржылық қажеттіліктерді тез шешудің жолы болып көрінер, алайда соңы үлкен қарызға алып келеді. Екінші деңгейлі банктерден несие алу қиындағандықтан кей адамдар қысқамерзімді әрі жоғары пайызбен берілетін микрозаймдарды рәсімдеуге мәжбүр болуда. Микронесие дегеніміз не? Оның қандай түрлері бар? Пайыздық мөлшерлемесі қанша? Неге ол халыққа қиындық туғызуда? Осы сұрақтарды талдап көрейік.
Микронесие – бұл жоғары пайыздық мөлшерлемемен берілетін шағын қарыз. Мұндай қарызды алу үшін жұмыс орны, төлем қабілеттілігі туралы анықтама және төлқұжат сияқты қарапайым құжаттар жеткілікті. Несие мен микронесиені шатастырмаған жөн. Несие банктер арқылы рәсімделсе, микронесиені арнайы лицензиясы бар микроқаржы ұйымдары береді. Банк қарыз бермес бұрын кіріс көзін, несие тарихын, кепілгерлерді тексереді. Ал микроқаржы ұйымы бұл талаптарға көп көңіл бөлмейді, бірақ ақшаны жоғары пайызбен және қысқа мерзімге береді.
Қарызға алынған ақшаның пайыздық үстемесі өте жоғары: күніне 0,5 пайыз. Яғни жылдық есеппен 182,5 пайызға дейін жетеді. Егер уақытында өтемесеңіз, кешіктірілгені үшін өте қомақты айыппұл төлеуге тура келеді. Қазіргі таңда микронесиелердің түрі өте көп. Олардың қатарында «Ақшамат», «Деньги клик», «Moneyman_kz», «Credit 365», «Займер», «Көке. kz» сияқты ұйымдар бар. Мұндай ұйымдар 20 мың теңгеден 300 мың теңгеге дейін қарыз береді. Ең қызығы, бұл несиелерді үйде отырып-ақ, интернет арқылы рәсімдеуге болады. Небәрі 15 минут ішінде ақшаны алу мүмкіндігі бар. Алайда жеңіл келген ақшаның қайтарымы зілдей болатынын ұмытпаған абзал.
Бір айдың ішінде қарызды қайтару қажеттілігі адамды тығырыққа тірейді. Аз жалақыны азық-түлікке немесе коммуналдық төлемдерге жұмсайын десе, микронесиені жабуға мүмкіндік болмай қалады. Мұндай жағдайда қарызды создырып алу үшін қосымша төлем жасауға мәжбүр боласыз. Бірақ мұны ұзақ уақытқа дейін жалғастыру мүмкін емес. Нәтижесінде қарызды өтеу жайына қалып, қарыздың үстіне тағы қарыз жамайсыз. Соңында жалақыңыздан автоматты түрде ұсталатын жағдайға жетесіз. Оның үстіне қарызды ғана емес, оның пайыздық үстемесін де қосып төлеуге тура келеді.
Микронесие көп жағдайда адамдардың өміріне кері әсерін тигізуде. Кейіпкеріміз Гүлбану Күзекбаева бір уақытта бірнеше микронесиені алып, оны үш жыл бойы өтеуге мәжбүр болған. Ол қарызының көптігін тұрмысқа шығарда да айтпаған. Бұл мәселе отбасында үлкен талқылауға түсіп, ұзақ уақыт бойы шешілмей келген. Ақырында үлкен қиындықпен шешімін тауыпты. Микронесие алу – тез ақшаның шешімі емес, ұзақмерзімді қиындықтың бастауы екенін ескеру қажет.
Қаржы ұйымдары адамды қиындықтан құтқармайды, керісінше, құрдымға кетіреді. Оңай ақшаны аламын деп от басып қалғандар жетерлік. Бұл тұрғыда жас маман Қайрат Досқазының да оқиғасы көпке ой салар деген сенімдеміз. Ол өзі жұмысқа жақында ғана орналасқан. Алайда банк картасымен жалақысын ала алмайды. Себебі барлық қолданыстағы картасына сот орындаушы тарапынан шектеу қойылған.
Статистикалық мәліметтер бойынша, 150 мың қазақстандық онлайн режимде микронесие рәсімдеген. Келісімшартқа отырғандардың саны 700 мыңға жуық. Демек, осы әдіспен бір рет займ алған азаматтар одан кейін тағы да бірнеше рет микронесие беретін ұйымдардың қызметін пайдаланғанын білуге болады. Көп жағдайда екінші деңгейлі банктер аз көлемде қарыз бермейді. 20-30 мың теңгені несиеге ала алмайтын болғандықтан көп азамат онлайн несиеге жүгінуге мәжбүр. Бұл тәсіл қарапайым халық арасында микронесие, займ емес, «айлыққа дейінгі қаржы» деп аталып кеткен. Бұндай мәселелерден еліміздегі жұмыс істейтін адамдардың айлық табысының бір айға жеткіліксіз екенін аңғаруға болады. Жалақы жоғары болса, займ алып неміз бар? Сондықтан халықтың еңбекақысын көтеруді ойлау керек.
Эльмира БАЙНАЗАРОВА