Аялдамалар аянышты күйде
Кез келген тұрғынның өзі тұратын елді мекеннің өсіп-өркендегенін, заман талабына сай қарыштап дамығанын қалайтыны анық. Көшелер көрікті, аулалар ажарлы болса деп тілейтініміз тағы бар. Әсіресе қала өміріне келгенде көп өзгерісті күтетініміз жасырын емес. Сәні мен сәулеті келіскен ғимараттардың көптеп салынуынан бөлек, қызмет көрсету сапасы да артып жатса, кәнеки. Осы орайда біз Тараз қаласындағы қоғамдық көліктердің мәселесін талай көтергенбіз.
Тараз қаласындағы қоғамдық көліктердің мәселесін талай көтергенбіз. Бүгінгі әңгіме аялдамалардың жай-күйі жайында болмақ. Бұл тақырыпты қозғауымызға редакциямызға хабарласқан бір топ тұрғынның ұсыныс-тілегі түрткі болды. Олардың айтуынша, бірқатар аумақта автобус аялдамалары әбден ескірген. Кейбір тұстарда мұндай орын мүлде қарастырылмаған.
Мысалы, студент Шәмші Ибайхан аялдамалардың аянышты күйін ашына жеткізді.
Расында, қала көшелерінде ескірген аялдамалар жетерлік. Сондай-ақ Ташкент, Дулати, А.Асқаров, Хиуаз Доспанова, Саңырақ батыр көшелерінің кейбір автобус белгісі қойылған орындарында аялдама мүлдем жоқ. Ал кейбірінде осыдан 15-20 жыл бұрын қойылған аялдамалар сол күйі тұрса, енді бірінің толықтай қоршалмағанын көзіңіз шалады. Сонымен қатар кейбір сауда орындарының алды арнайы белгі болмаса да жолаушылардың автобус күтетін мекеніне айналғандай.
Біз жоғарыда айтылған түйткілдерді алға тартып, қала әкімдігіне қарасты тиісті мекемелердің есігін қақтық. Жауапты мамандардың айтуынша, барлық аялдамалар өз кезегімен жөндеуден өтуде.
Автобус аялдамалары қаланың инфрақұрылымының дамуына өз септігін тигізетіні анық. Заманауи және қолайлы аялдамалар қала мәдениетін көтеріп, оның тартымдылығын арттыра түсетіні сөзсіз. Сондықтан да атқамінер азаматтар тұрғындардың талап-тілегіне түсіністікпен қарап, тиісті шешім қабылдайды деген сенімдеміз.
Мұқағали БАЛТАБАЕВ