Білгім келген бір сұрақ?

Көлік қозғалысы қашан реттеледі?

Жергілікті атқарушы органның құрғақ уәдесі қажытып, көтерген мәселесі оң шешім таппағанда тұрғындар көмек сұрап редакциямызға хабарласады. Бірі жеке мәселесін шешудің жолын іздесе, тағы бірі көпке ортақ түйткілді биліктің құлағына жеткізуге талпынады.

Осы жолы редакциямызға хабарласқан Тараз қаласының екі бірдей тұрғынының көтерген мәселесінің екеуі де қалаішілік жолдың жайы мен көшелерге тиісті жол белгілерін орнату, жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету жайында болды. Соның бірі – зейнеткер Тұрсынбек Көбегенов. Біз аталған тұрғынмен кездесіп, айтар ойын ауызба-ауыз тыңдадық.

Қала тұрғыны Амантай Досмаханбетұлының айтуынша, Мәңгілік ел көшесінің Ы.Сүлейменов көшесіне дейінгі аралығындағы бірқатар мәселе де назар аударуды қажет етеді. Оның сөзіне сүйенсек, аталған көшенің облыстық перинаталдық орталық орналасқан жақ беті осы мекеме тұсынан Ы.Сүлейменов көшесіне дейінгі аралығында жаяу жүргіншілерге қолайлы жағдай жасалмаған.

Осы мәселелер бойынша біз Тараз қаласы әкімдігінің тұрғын жай-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміне хат жолдадық. Кейіннен бөлімнің бас маманы Дияр Мұхитовқа арнайы жолығып, пікір алдық. Дияр Ғабитұлы: «Хатта көрсетілген мәселелер қазір қаралып жатыр. Тиісті жұмыстар жүргізілгеннен кейін ресми жауап берілетін болады», – деді.

Аталған мәселе бойынша облыстық полиция департаментінің баспасөз хатшысы Гүлсара Мұқтарқұловаға да хабарласып, мән-жайды түсіндірген болатынбыз. Оның айтуынша, Тараз қаласындағы жол қауіпсіздігіне қатысты тұрғындардың барлық шағымдары, яғни жол белгілерін орнату, жаяу жүргінші жолақтарын салу және бағдаршамдар қою сияқты мәселелер бойынша өтінімдер Тараз қаласы әкімдігіне жіберілген екен. Оның арасында осы мәселелер де бар көрінеді. Әкімдік тарапынан бұл жұмыстарға бүгінде тиісті қаржы қарастырылған. Алдағы уақытта конкурс өткізіліп, мердігер анықталмақ. Тиісті жұмыстар күн жылынғаннан кейін жүзеге асырылмақ.

Бір айта кетерлігі, жоғарыда сөз болған, яғни «қаңылтыры салбырап, белгі мүлде көрінбей тұр» деген жол белгісінің орнына жақында су жаңа жол белгісі орнатылыпты.

Жалпы Тараз қаласының тұрғындары көтерген мәселелерге қатысты қазіргі уақытта жергілікті атқарушы органдар тиісті жұмыстарды қолға алып, қажетті шараларды қабылдап жатқаны бізді қуантты. Негізі қалаішілік жолдардың талапқа сай болуы шаһар инфрақұрылымының да қандай деңгейде екенінен хабар беретіні анық. Ең бастысы, мұндай мәселелердің дер кезінде оң шешім табуы – көлік қозғалысы мен тұрғындар қауіпсіздігінің лайықты қамтамасыз етілуінің көрінісі.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ