Мәдениет

Пернебай Дүйсенбин «Құлагерден» қара үзіп шықты

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, жазушы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Пернебай Дүйсенбин ҚР Ұлттық спорт қауымдастығының ұйымдастыруымен және Қазақстан Жазушылар одағының қолдауымен өткен «Құлагер» республикалық байқауында «Үздік фантастикалық мифологиялық шығарма» номинациясында жеңімпаз атанды.

Байқаудың мақсаты – еліміздің ұлттық мұрасының бірі – ұлттық спортты насихаттау және қаламгерлерге қолдау көрсету, оларды ұлттық спорт түрлері туралы жаңа туындылар жазуға ынталандыру.

«Құлагер» республикалық байқауына ұлттық спорт түрлеріне арналған бұрын жарияланбаған 200-ден аса материал келіп түскен.

Қазылар алқасының шешімімен үздік шығармалар іріктеліп, қаламгерлер 7 номинация бойынша марапатталды. Жеңімпаздарға 2 000 000 теңгенің сертификаты, арнайы «Құлагер» республикалық байқауының мүсіншесі мен дипломдар табысталды.

Шалғай ауданда тұрып, үлкен шығармашылық ортадан жырақта жүрсе де әдебиетімізге олжа салып жүрген жазушыны кезекті жеңісімен құттықтай отырып, деніне саулық, отбасына амандық тілейміз.

«AR-AI» газетінің ұжымы