Таразда 33 млн теңгені алаяқтықпен иемденген күдікті әйел ұсталды
Таразда 33 миллион теңгені алаяқтық жолмен иемденген күдікті әйел ұсталды, деп хабарлайды arainfo.kz
Polisia.kz-тің мәліметінше,Жамбыл облысы полиция департаментінің киберқылмыстарға қарсы іс-қимыл басқармасы облыстық прокуратураның үйлестіруімен 35 жастағы Тараз қаласының тұрғынын алаяқтық жасады деген күдікпен ұстады. Тергеу барысында күдіктінің облыс орталығында кеңсе ашып, әлеуметтік желілерде "қайтарымсыз несие" беру туралы жарнама таратып, адамдарды алдап келгені анықталды. Ол өзін микрокаржылық ұйымдардың заңгері ретінде таныстырып, осы саладағы мол тәжірибесін пайдаланған. Күдікті 71 азаматтың сеніміне кіріп, жалпы сомасы 33 миллион теңгеден астам қаражатты алаяқтық жолмен иемденген. Жәбірленушілер тек Тараз қаласында емес, Жамбыл облысының басқа аудандарында да орналасқан.
Қазіргі уақытта күдіктіге қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабының 3-бөлігі (Қайта жасалған алаяқтық) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалып, тергеу іс-шаралары жалғасуда. Сондай-ақ, күдіктінің басқа да алаяқтық әрекеттерге қатысы бар-жоғы тексерілуде.
Жамбыл облысының полиция департаменті, егер осы азаматтың алаяқтық әрекеттерінен зардап шеккендер болса, тұрғылықты жері бойынша полиция бөліміне жүгінулерін сұрайды.