Ой шеберлері сынға түсті
Облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің бастамасымен қолға алынған «Әулиеата – кітап оқитын өңір» жобасы аясында «Көне Тараз» тарихи-этномәдени кешенінің көрме залында «Ой шебері» интеллектуалды ойыны өтті. Білім бәсекесіне Тараз қаласы мен аудандардан 90 команда, барлығы 450-ге жуық жас қатысты.
«Сөз қадірі – өз қадірім» деп түсінген кемел ой мен кестелі сөз шеберлерінің басын қосқан жарыс облыс әкімдігінің қолдауымен, «Жамбыл облысының азаматтық альянсы» заңды тұлғалар бірлестігінің ұйымдастыруымен өтті.
Тартысқа толы болған байқаудың қорытындысымен Мұхтар Әуезов атындағы мектеп-лицейдің (Сарысу ауданы), Н.Киікбаев атындағы мектеп-гимназияның (Байзақ ауданы), Мұхтар Әуезов атындағы мектеп-лицейдің командалары жеңімпаз атанды. Осылайша 1,2 миллион теңге жүлде қоры 3 командаға тең бөлінді.
Іс-шара барысында барлық қатысушыларға «Атамұра», «Алматы-Мектеп», «Foliant» баспаларынан шыққан қазақ әдебиетінің көрнекті тұлғаларының шығармалар жинағы таратылды.
Атап өту керек, «Ой шебері» зияткерлік ойыны жылдың аяғына дейін жалғасады. Байқаудың жылдық жүлде қоры – 18,8 миллион теңге.
Ақтоты ЖАҢАБАЙ