Көзін тапсаң, көлік дөңгелегі де кәдеге жарайды
Еліміздің түкпір-түкпірінде орналасқан қоқыс полигондарында жылына шамамен 400 мың тоннаға жуық автокөлік шиналары жиналады екен. Оны өртесе ауаға түрлі зиянды қалдықтар бөлінетіні айтпаса да түсінікті. Ал қоқыс полигондарында жатқан шиналардың өздігінен жойылуы үшін 100 жылдан аса уақыт қажет. Осы ретте жамбылдық жас ғалым автокөлік шиналарын кәдеге жаратуға болатын тың экологиялық жобаны қолға алмақшы.
Ұсақтау арқылы жарамсыз шиналардан шикізат алудың көзін тапқан жас ғалым – Дәулет Жаманқұл. Ол жақында ғана «Тәуелсіздік ұрпақтары – 2024» байқауының «Ғылым» бағытында «Резеңке төсеніштерді өндіру» жобасы бойынша жеңімпаз атанып, кәсібін ашу үшін грант жеңіп алды.
Жобаның тиімділігін зерттеу үшін 22 жастағы өнертапқыш «Балалардың жарақаттануының алдын алуда резеңке төсеніштерді қолданудың қаншалықты қажеті бар?» деген тақырыпта Тараз қаласы тұрғындары арасында сауалнама жүргізген екен. Дәулеттің өзекті сұрағына қала тұрғындарының 91,6 пайызы «қауіпсіз өнім қажет» деп жауап берсе, 2,8 пайызы «керексіз» деп таныған. «Бәрібір» деген ұстанымдағылар 1,3 пайыз болса, 4,3 пайыз тұрғын резеңке тақтайшалардың барын білмейді екен.
Жоба авторының айтуынша, Қазақстанда бұл кәсіп қатты дамымағандықтан резеңке төсеніштер шығару ісінде бәсекелестер аз. Сол себепті де өнімді өткізу нарығы кең болмақ.
Айта кетерлігі, Дәулеттің ағасы облысқа белгілі жас ғалым, «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантының өткен жылғы иегері – Азат Жаманқұл. Былтыр «Өзендер мен суармалы каналдардағы шөгінділерді сүзуге арналған тиімді конструкция» жобасы арқылы суайдындарды тазартуды қолға алған өнертапқышпен сұхбаттасқан болатынбыз. Енді міне, бір жылдан кейін інісі Дәулет те мемлекеттің қолдауына иек артып, ағасының қамқорлығымен өз ісін дөңгелетуге ниет етіп отыр.
Қазіргі сәтте кейіпкеріміз кәсібін бастауға қажетті көлік дөңгелектерін турауға арналған «ДДР – 300» станогы мен «М-600» маркалы миксерін сатып алу үшін келіссөздер жүргізіп жатыр. Өнімді дайындау кезеңдерін баяндайтын болсақ, алдымен станок, яғни шредер шиналарды 5х5 миллиметр өлшемінде ұсақтап шығарады. Туралған өнімге клей мен түстеуіштерді қосып, миксерде араластырады. Балқып, сұйық болып шыққан өнім қалыптарға салынып, тығыздалады. Содан кейін резеңке төсеніштер құрғақ бөлмелерде кептіріледі. Айта кетерлігі, «ДДР – 300» станогының қуаттылығы 50 кВт болса, М-600 миксерінің қуаттылығы – 2,2 кВт-ке тең. Аталмыш миксер 150 литрге дейін шикізатты өңдеуге қауқарлы.
Жас кәсіпкердің тың жобасы техникалық қызмет көрсету орталықтарының басшыларына да ұнап отыр. Абай көшесінен СТО ашып, кәсібін дөңгелетіп отырған Ержігіт Досбол өнертапқыштың жобасы экологиялық жағынан тиімді екенін айтады.
Дәулет Мияқұлы облыс әкімінің сыйақысына ие болып қана қойған жоқ. Қаңтар айының басында Тараз қаласында жастарды ынталандыру мақсатында өткізілген марапаттау кешінде «Үздік жас ғалым» аталымына лайық деп танылды. Ақпан айында қанатқақты жобасымен Астана қаласында ұйымдастырылатын «Орта Азияның үздік студенті» халықаралық форумына қатысуды жоспарлап отыр.
Ақтоты ЖАҢАБАЙ