Қоғам

Картоп көп. Баға неге өседі?

Соңғы бірнеше аптада елімізде картоптың бағасы айтарлықтай қымбаттады. «Алтын шыққан жерде күрек сат» деген пиғылды ұстанатын саудагерлер қандай да бір тауарға сұраныс жоғары не тапшылық пайда болса, оның бағасын шарықтатып жіберетіні анық. Дегенмен бағаны да, басқаны да нарық реттейтіні белгілі. Осы ретте біз «Облыста картоп қоры жеткілікті ме? Бағаның шарықтау себебі неде? Тұрақтандыру қоры бағаны қалай реттеп жатыр?» деген сауалдарға жауап іздеп көрген едік.

Облыс бойынша былтыр картоп 6,7 мың гектар алқапқа егілген екен. Оның 4,5 мың гектары шаруа қожалықтар мен ірі кәсіпкерлердің үлесінде болса, 2,2 мың гектары тұрғындардың үй іргесіндегі алқаптарға тиесілі. Күзгі жиын-терін науқанында 310 шаруа қожалық 115 мың тонна өнім алған, оған тұрғындардың үй іргесіндегі алқаптан алған өнімін қоссақ, барлығы 172 мың тонна картоп жиналған. Ал әулиеаталықтардың бір жылда 115 мың тонна картоп тұтынатынын ескерсек, өңірде өндірілген өнім халықтың тұтыну көлемінен шамамен 50 пайызға артық. Шаруалардың кейбірі картопты алқап басынан сатып жіберсе, енді бірі қысқа сақтап, баға өсетін ұрымтал сәтті күтіп жүретіні әмбеге аян. Осы ретте өндірілген өнімдер біртіндеп сатылғанша немесе маусымаралық мерзім үшін сақтап қоюға арналған облыста 10 картоп қоймасы бар екенін айта кеткен жөн. Қоймалардың сыйымдылығы 9,5 мың тоннаны құрайды. Қоймаларға қара күзде 15,1 мың тонна картоп сақтауға қойылса, қазір 1 300 тонна картоп қалған. Ал өңірлік тұрақтандыру қорында 3 000 тоннаға жуық картоп өнімі сақталыпты. Одан бөлек облыс аумағындағы шаруа қожалық қоймаларында, сауда желілерінде де әжептәуір көлемде картоп бар. Демек, өңірде картоп қоры жеткілікті, ал бағаның өсуіне не себеп? Осы ретте біз алдымен «Ауыл Береке» базарына барып, көтерме бағамен көкөніс сататын саудагерлермен тілдестік.

Хусейн Ибооглы есімді саудагер картоп Жаңа жылға дейін 170-180 теңгеден саудаланып, қаңтар айының басынан бастап баға біртіндеп көтерілгенін айтады.

Осы саудагердің көмегімен Ержұман Бейіс деген жігітпен сөйлестік. Ол «КамАЗ» ауыр жүк көлігімен Қарағанды қаласынан картоп тасып, оны базарда саудагерлерге өткізеді екен.

Жалпы Тәжікстан, әсіресе Өзбекстанның Қазақстаннан картопты көптеп сатып алуына бұл елдерде де картопқа деген сұраныстың артуы себеп болса керек. Әрі қазақстандық картоптың сапасы мен бағасының қолайлы болуы да көрші елдердің «қызығушылығын» арттырғаны анық. Сонымен қатар Қазақстанның картоп экспортының ұлғаюы да бұған әсер еткенін айта кетуіміз керек. Мысалы, өткен жылы картоп экспорты 1,5 есеге, яғни 411 мың тоннадан 605 мың тоннаға дейін ұлғайыпты. Десе де қалыптасқан жағдайға байланысты картоп экспортына фитосанитариялық сертификаттар беру бүгінде толығымен тоқтатылған. Бұл елімізде картоп экспортына уақытша шектеу қойылды деген сөз. Экспортқа шектеу қойылғаны өте дұрыс. Себебі қазір біздің өнімнің барлығы сыртқа кетсе, көктемде қазақстандықтар удай бағаға шетелдік картопты тұтынуы ғажап емес. Жалпы елімізге, оның ішінде облысымызға Қырғыз Республикасы мен Қытайдан картоп үзіліссіз жеткізіліп жатқанын ескерсек, импорттың нарықта картоп тапшылығын болдырмауға әсер еткенімен сырттан келген өнім өзінің бастапқы бағасынан арзан болмайтынын ескерген жөн. Демек, бұл шетелден келетін 300-350 теңге аралығындағы картопқа өңір нарығында қазірдің өзінде сұраныс бар дегенді білдіреді.

Облыста әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын тұрақтандырумен «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамы айналысатыны белгілі. Бұл корпорация өңірлік тұрақтандыру қоры арқылы облыстағы күнделікті тұтынуды қажет ететін азық-түлік тауарларының бағасын реттеп, әлеуметтік дүкендер мен түрлі сауда желілері арқылы оны халыққа қолжетімді бағамен ұсынады. Бұл жұмыс облыс әкімдігі кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы арқылы үйлестірілетін болғандықтан ондағы мамандармен жолығып, бағаның реттелу жайына мән бердік. Басқарманың сауда және сыртқы-экономикалық байланыс бөлімінің басшысы Бақытжан Орынтаевтың айтуынша, осы жылдың 14 қаңтарындағы Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сәйкес картоптың орташа бағасы 191 теңгеден 195 теңгеге өскен. Казіргі таңда облыс нарығындағы картоп бағасын тұрақтандыру мақсатында «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы өңірлік тұрақтандыру қоры арқылы Тараз қаласында орналасқан көтерме-бөлшек сауда орындарын және базарларға жалпы 58 тонна әлеуметтік картоппен интервенция жұмыстарын жүргізуде. Бұған қоса күнделікті 15 тонна картоп сауда орындарына жеткізілуде. Бағасы – 130 теңге.

Осы ретте біз Тараз қаласындағы бірді-екілі сауда желілері мен әлеуметтік дүкендерді аралап, жағдайға өз көзімізбен қаныққан едік.

Бұдан кейін Т.Рысқұлов, №5 у мекенжайындағы «Дәмді себет» сауда желісінің дүкен сөрелеріне көз жүгірттік. Ондағы сырты қап-қара, жарылған, тілінген, бүріскен, қарайған, ақ шалған (көгере бастау), шіри бастаған картопты көргенде көңіліміз құлазыды. Себебі әлеуметтік дүкендегі, ірі сауда желілеріндегі сөрелерге тұрақтандыру қорының дені дұрыс тауары қойылуы тиіс? Бюджеттен қаржы бөлініп, тұрақтандыру қоры арқылы шаруаға картоптың ақысы төленгендіктен диқан халыққа сапасы сын көтеретін тауар қоюға міндетті. Кейбір тұрғынның қалтасы көтермейтін болғандықтан әлеуметтік дүкеннің тауарын тұтынуына тура келеді. Сол кезде шіріген картоп ұсынылатындай тұтынушы жағдайы жоқ болғанына жазықты ма? Осы сұрақтарға жауап алу үшін Б.Орынтаевқа қайта хабарластық.

Жалпы жыл басынан бері сауда үстемесін 15 пайыздан асырмау бойынша 20 аймақтық комиссия өтіп, әлеуметтік маңызы бар өнім саналатын картопқа қатысты 49 заңбұзушылық анықталған екен. Ал облыста жалпы 4 арыз-шағым түссе, ол бүгінде қаралып жатыр. Бұл – бағаны негізсіз көтерген сауда орындарына қолданылатын шара. Тауар сапасыз болса, облыстық сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті мамандары тұрғынның шағымы бойынша тауарды басқасына айырбастауына немесе ақшасын кері қайтарып алуына жәрдемдеседі және кәсіпкерге тұрғынның өтінішіне құлақ аспағаны үшін айыппұл сала алады. Ал мына жағдайда сапасыз өнімді өңірлік тұрақтандыру қоры арқылы кәсіпкерге шаруа қожалық иесі ұсынып отыр. Оларға бұл қылығы үшін қандай шара қолданылады? Біз мұны «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамы өңірлік тұрақтандыру қорының директоры Жарқын Әбдіжапардан сұрадық.

Әлеуметтік дүкендегі 130 теңгелік картопқа сұраныстың күрт артқанын пайдаланып, шаруашылық иесі бүлінген өнімді «өтіп кетсе әжіп емес» деген пиғылмен пайда тапқысы келген болуы мүмкін. Егер басқа бір амал жасалмаса, тағы бір шаруа сапасыз өнімін нарыққа осындай жолмен шығармасына кім кепіл? Сондықтан мұндай жағдайды болдырмау үшін шаруашылықтарға қатаң бақылау жасап, талаптарды бұзғандарға тиісті жазалау шараларын қолдануды қарастыру керек-ақ. Бұл әлеуметтік дүкендерге сапалы тауар жеткізуді қамтамасыз етіп, тұрғындар сенімін ақтау үшін қажет.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ