Жаңалықтар

Жамбылда Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған іс-шаралар легі басталды

Ш.Уәлиханов атындағы Жамбыл облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай «Отан қорғап, ел үмітін ақтағандар» атты дөңгелек үстел өтті, деп хабарлайды arainfo.kz.

Тағылымы мол іс-шараның мақсаты – өскелең ұрпақты патриотизм мен Отанға деген сүйіспеншілікке тәрбиелеу, сондай-ақ азаматтарға сұрапыл жылдардағы оқиғалар жөнінде толық ақпарат бере отырып, жастардың  патриоттық сана-сезімін қалыптастыру.

Жеңістің 80 жылдығына арналған дөңгелек үстел ел үшін аянбай күрескен батыр бабаларымызды еске алу мақсатында 1 минут үнсіздікпен басталды.

Дөңгелек үстелге Жамбыл облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев, Облыстық билер кеңесінің төрағасы Оңласын Қарабайұлы, орынбасары Жұмабек Талғат, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, Қазақстанның құрметті журналисі, ардагер журналист Бекет Момынқұл, ардагер жазушы-журналист Майлыбай Смағұлов, зейнеткер, ардагерлер Қаржаубай Сыдықназаров, Смайыл Ходжамұратов қатысып, тарихи деректерден сыр шертіп, майданда ерлікпен қаза тапқан боздақтарды, тылда аянбай еңбек еткен ардагерлерді құрметтеу кейінгі ұрпақтың міндеті екенін айта отырып, жауынгерлер батыр бабаларымыздың ерліктері мен есімдерін ұлықтады.

Сонымен қатар іс-шара барысында арнайы Кенен Әзірбаев атындағы Жамбыл облыстық филормония әншілері Гүлшат Тинасилова, Жазира Сметова, Дулат Жасұзақов, Мейірім Хамзина, Гүлжан Шәріпханова «Қайсар қыз Әлия», «Әлия», «Отаным», «Ана туралы баллада» тақырыптарында әндер шырқап, өнер көрсетті. Іс-шара соңында кітапхана қызметкерлері бабаларымыздың айтып кеткен даналық сөздерін жатқа оқып, соғыс жылдары майдан даласында өнер көрсеткен Роза Бағланова апамыздың попурри әнімен аяқтады.