Брифинг

Еңбек адамдары қашанда құрметке ие

Кеше өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында «Әділдік және өркендеу» қоғамдық қоры облыстық филиалының төрағасы Жангелді Омаровтың қатысуымен брифинг өтті. Спикер өткен жылдың қорытындысы жайлы баяндап, «Жұмысшы мамандықтары жылы» аясында қолға алынған жобаларға тоқталды.

Жангелді Жайлауұлының айтуынша, «Әділдік және өркендеу» қоғамдық қоры былтыр әр өңірдегі белсенді азаматтардың бастамасымен құрылған. Осы уақыт аралығында қордың қатары елдің ертеңіне бейжай қарамайтын азаматтармен толыға түскен.

Жалпы қордың негізгі мақсаты – еңбек адамының құқығын қорғау. Осы бағытта облыстық өкілдік ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің облыс бойынша департаментімен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойған.

Сонымен қатар Жангелді Жайлауұлы қор өткен жылы Еңбек күнін ерекше атап өткенін жеткізді. Мерекеге орай «Адал еңбек – 2024» республикалық байқауы ұйымдастырылып, жамбылдықтар үздіктер қатарынан көрініпті. Нақтылап өтсек, ең жоғары разрядтағы газбен кесуші, тараздық жұмысшы Қуанышбек Әбдуалиев бас жүлдеге лайық деп танылса, ІІ орынды 28 жастағы дәнекерлеуші Төрекелді Тұрмағанбет иеленіпті.

Конкурсқа журналистер және кемінде 3 мың жазылушысы бар блогерлер қатыса алады.

Эльмира БАЙНАЗАРОВА