Жамбыл жаңалықтары

Жастарға 136 бос жұмыс орны ұсынылды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялағаны белгілі

Президент «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «...біз жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясын насихаттаймыз. Адал әрі табанды еңбегімен табысқа жеткен адамдар қашанда құрметті, сыйлы болуы керек. Бір сөзбен айтқанда, біздің қоғамда еңбекқорлық, кәсібилік сияқты қасиеттер өте жоғары бағалануға тиіс. Өз кәсібін жетік меңгерген мамандар ұлт сапасын арттырады. Сондықтан біз еңбек адамының мәртебесін көтеріп жатырмыз. Бұл бағыттағы жұмыс тоқтамайды, жалғаса береді», деген еді.

Осыған орай елімізде еңбек адамдарын дәріптеу, жастарды жұмыспен қамту бағытында түрлі іс-шаралар өтуде. Кеше облыстық жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен «Скиф Трейд» сауда орталығында бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі өтті.

Іс-шара барысында жұмыс берушілер өз компаниялары туралы ақпарат беріп, бос жұмыс орындарын ұсынды. Жұмыс іздеушілер өз кезегінде қызмет ұсынушы тараппен тілдесіп, өздерін қызықтырған сұрақтарын қойды.

Облыстық жастар ресурстық орталығы директорының орынбасары Ерсаят Қоңырбайдың айтуынша, бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі – жастардың жұмыссыздығымен күресудің бірден-бір амалы.

Жәрмеңкеге келушілерге Тараз қаласы бойынша мансап орталығы филиалының мамандары пайдалы кеңестер беріп, халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту бағытында мемлекет тарапынан жүзеге асырылып жатқан бағдарламалар жайлы хабардар етті.

Айта кетейік, жәрмеңке барысында Сәуле» кондитерлік зауыты, «FIRKAN», «Тәтті себет» сауда дүкендері мен «Qazaq oil», «Helios» жауапкершілігі жектеулі серіктестігі, ҚР Ұлттық ұланы 5513 әскери бөлімі секілді 72 жұмыс беруші мекемеден 136 бос жұмыс орны ұсынылды.

Жәрмеңкеге келген жастар мүмкіндікті жіберіп алмауға тырысты. Тіпті баласына лайықты қызмет іздеген ата-аналар да болды. Мәселен, ұзақ жыл «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде энергетик болып еңбек еткен, бүгінде зейнеткерлікке шыққан Еркін Қонақбаев ұлына еңбекақысы көбірек жұмыс іздеп келді. Нәтижесінде «Qazaq oil» жанар-жағармай құю стансасына заңгер қажет екендігі анықталып, екі тарап байланыс нөмірлерімен алмасты.

Мұнда келушілердің арасында студент жастар да аз болмады. Солардың бірі – Сағынбай Нұртілеу. М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінде 4-курста білім алатын Сағынбай мансап орталығының мамандарынан бітіруші түлектер қандай бағдарламалар бойынша жұмысқа орналаса алатынын сұрауға келіпті.

Жәрмеңке қорытындысымен 30-40-қа жуық жас жұмысқа орналасатын болды.

Ақтоты ЖАҢАБАЙ