Қоғам

Ана безсе баладан...

Әйел атаулының алпыс екі тамырын иітіп, тар құрсағын кеңітіп, тас емшегін жібітіп «шыр» етіп дүниеге келген әрбір сәби буыны қатып, бұғанасы бекігенде де, жасы алпысты алқымдағанда да анасының алдында нәркес-нәресте болып қала бермек. Дүниеге әкелген ананың айналайыны баласын суыққа тоңдырмай, қарнын тойдырып, өзін бақытты сезіндіруге қауқары жетсе, сол бақыт. Ана сондықтан да қымбат, сондықтан биік. Анаңның жұмыр жердің бетінде аман-есен жер басып жүруінің өзі дәтке қуат, жанға медет. Себебі ол адам баласының Құдайдан кейінгі құдіреті.

Бар қателігіңді кешіріп, бар күнәңнан ақтап, бар жақсылықты басыңа үйіп-төгіп, әлем теріс айналса да қасыңнан кетпейтін жалғыз адамның әп-сәтте бөтен жанға айналып, тастап кете баруы мүмкін емес сияқты. Бірақ өмірдің өзі кей-кейде ең жақын адамың – анаңның да қателесуіне жол береді. Тастап кетуіне ықпал етеді. Соған жеткізеді. Сөйтіп, кіндігі бір-біріне байланған ең жақын екі адамды бір-бірінен көзінің тірісінде-ақ айырады. Әрине, ананың баладан безуі адам айтса сенгісіз, тіпті ешкім ақтап ала алмайтын, ешбір шеңбер-сызыққа сыймайтын дүние. Алайда мәселеге терең үңілген жан оның да себеп-салдары бар екенін ұғынады.

Мәселен, әлі аузынан ана сүті кеппеген 16 жасар Алиманы оқудан келе жатқанда жолай тоқтаған егде жастағы такси жүргізушісі көлігіне мінгізіп, айдалаға апарып, ойындағысын жүзеге асырып тастап кеткен. Аты-жөні мен түр-түсі есінде қалмаған егде кісіге деген өшпенділік өзегін кернеген жас қыз сол оқиғадан кейін өмірден түңіліп кетеді. Алайда мұнымен басына төнген сынақ біте қоймады. Құрсағына біткен шарана жас ананы өмірден тіпті жирендіріп жіберді. Сол бір қасіретке толы түнді есіне сала берді. Сөйтіп, дүниеге келген егіз қыз ана сүтінен ғана емес, ана мейірімінен де қағылды. Әкесі белгісіз, анасы тастап кеткен тірі жетім атанды.

Алайда Алиманың ата-анасы күнәсіз қос бүлдіршінді бауырына басты. Міне, сол уақыттан бері жиырма жылдың жүзі өтсе де Алима дүниеге келген қыздарын да, баласын асырап алған ата-анасын да кешіре алмады.

Біз үнсіз қалдық. Ішкі күйзеліс, сетінеген сенім, үзілген үміттің кесірінен ана мен бала бір-бірінен ажырап қалды. Кім білсін, күндердің күні адасқан тағдырлар қайта тоғысар. Біз соған тілектеспіз.

Ал қазақтар бауырына басқан орыстың сары баласы Алексей туралы ауыл-аймақ түгел біледі. Осы ауылдың тұрғыны болған Алексейдің туған анасы Валентинаны да танымайтын жан кемде-кем. Бірақ отыз жыл бойы Валентина қайда жүрді? Ол өз ұлын неге тастап кетті? Осы сұрақты Валя апайдың өзіне қойып көрдік.

Аяулымның бес айлығында әке-шешесі ажырасып кеткен еді. Сонда бесіктегі қызға қарамастан анасы: «Мен басқа ер-азаматпен бақытты боламын. Сенімен табыса алмаймын. Ал қыз маған қолбайлау болады», – деп қаша жөнелген.

Көп ұзамай әкесі екінші рет отбасын құрады. Кішкентай қыз аға-жеңгесінің тәрбиесінде қалады. Олар туған қызындай бауырына басып, бар махаббатын арнайды. Ол өзін баққан адамдарды туған әке-шешесі деп ойлапты. Алайда бір күні соғылған қоңырау оны шындықтың бетіне тура қаратады.

Біз де Аяулымның анасына қоңырау шалдық. «Өзім өсірмеген соң жат болып қалыппын. Несін жасырайын, тұрмысқа шықсам, қыз кедергі болар деп ойлап, жастықпен тастап кеттім. Арада неше жыл өтті. Мен оның өміріне араласқым келмейді» деді анасы. Осы сәтте ақын Ботакөз Мұхитденқызының:

«Әкем үшін әлі ертемін, дерт едім,
Алдымда ажал, жан-жағымда бекініс.
Ал шешемнің шерлі өзегін өртедім,
Шикі өкпемін...
Менің атым – өкініш», – деп басталатын шарананың монологына құрылған «Қателік» деген өлең жолдары есіме түсті.

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ