Қоғам

Қала тазалығы – баршамызға ортақ

Өңіріміздің тазалығы – баршамызға ортақ іс. Дегенмен бұл міндеттің ауыр жүгін ұзақ жылдардан бері «Жасыл ел-Тараз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі арқалап келеді. Мұнда 463 жұмысшы күн-түн демей, уақытпен санаспай еңбек етуде.

Шаһардың жасыл желекке оранып, тазалығымен танылуы тек осы мекеме қызметкерлерінің еншісінде деп санағанымызбен бәріміздің де үлес қосуымыз керек-ақ. Егер әрқайсысымыз тазалыққа атсалыссақ, қала көркі бұдан да арта түспес пе еді? Осы мақсатта біз серіктестік директорының орынбасары Талғат Торғаевпен сұхбаттасып, мекеменің тыныс-тіршілігімен таныстық.

Талғат Болатұлының айтуынша, мекеме өткен жылы жеті қоқыс таситын көлік, екі қар тазалайтын техника және бір экскаватор алып, жұмысын біраз жеңілдеткен. Дегенмен бұл мәселелерді толық шешпейді. Қазіргі таңда жұмысшылардың орташа айлық жалақысы – 160 мың теңге, ал қоқыс таситын көлік жүргізушілері 200-250 мың теңге аралығында еңбекақы алады. Бірақ мекемеде маман тапшылығы өзекті күйінде қалып отыр.

Мекемедегі жұмысшылардың 70 пайызының өз баспанасы жоқ. Дегенмен Жұмысшы мамандықтары жылына жаңа ипотекалық бағдарламаның іске қосылатынын естіген қызметкерлер мәселелерінің шешілетінінен үмітті.

Күнсұлу Сапбергенова – «Жасыл ел-Тараз»-дың «Гүлзар» жылыжайында гүл егумен айналысып жүрген көпбалалы ана. Жұбайы Бауыржан Керімбаев та осы мекемеде көгалдандыру жұмыстарын атқарады.

Мекемеде көп жылдан бері еңбек етіп жүргендермен қатар, жас мамандар да бар. Жұмыстың ауыр болса да әр қызметкер өз міндетін тиянақты атқаруға тырысады. Солардың бірі – 29 жастағы Жадыра Мұқашова.

Қала тазалығының сақталуы – тек мекеме қызметкерлерінің ғана емес, әр тұрғынның міндеті. Тұрғындардың санасы мен мәдениеті өзгермесе, тазалық толық орнамайды. Сондықтан әр тұрғын қаланың тазалығына үлес қосып, еңбекті бағалауды үйренуі керек.

Эльмира БАЙНАЗАРОВА