Заң

Тиісті түсіндірме жұмыстары жүргізілді

Еске салайық, жыл басында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне есірткі, психотроптық заттардың, сол тек¬тестердің, прекурсорлардың және күшті әсер ететін заттардың заңсыз айналымына қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойды. Ал, бұл заңға депуттар бастамашы болған еді. Жалпы, онда бірқатар маңызды норма қарастырылған.

Жуырда өңірлік Қылмыстық-атқару жүйесі департаменті сотталғандар арасында тәрбие жұмысы тобының бас маманы, әділет подполковнигі Айгүл Танашева және аталған департаментке бағынысты қауіпсіздігі барынша төмен №26 түзеу мекемесінің арнайы есеп тобының аға инспекторы, әділет аға лейтенанты Арайлым Сәттібаева осы баппен жазасын өтеп жатқан сотталған азаматтарға заңдағы өзгертулер мен толықтыруларға байланысты тиісті түсіндірме жұмыстарын жүргізді. 

Айта кетейік, аталған заңда есірткі бизнесін ұйымдастырушылар мен курьерлер функцияларын орындайтын адамдарға жаза жетілдірілген. Бұдан бөлек, ұйымдастырушылармен күрес күшейтіліп, бас бостандығынан айыру мерзімін өмір бойына дейін ұзарту жазасы қарастырылған. Сондай-ақ, қызмет бабын пайдаланып қылмыс жасаған лауазымды адамдарға және есірткі психотроптық заттарды, сол тектестерді заңсыз өндіргені үшін 15 жылдан 20 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру не өмір бойына бас бостандығынан айыру түріндегі жаза белгілеу қарастырылған.