37 баланы бауырына басқан
«Балалы үй базар, баласыз үй қу мазар» деп жетімін жылатпаған, жесірін қаңғытпаған қазақ «бала аттаған босағада бақыт бар» деп түйген. Осы қағиданы жүрегіне түйіп өскен мейірімді жан Зүлфия Төленова 37 баланы бауырына басқан аяулы ана. Балаларын қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай тәрбие беріп отырған асыл ана бүгінде қыздарын қияға, ұлдарын ұяға қондырып, әже атанып отыр. Қамқорлығына алған қарадомалақтардың онының мүгедектігі бар.
Ерекше балаларға ерекше күтім қажет екені бесенеден белгілі. Қанша қиын болса да балапандарын қатарынан қалдырмай, асты-үстіне түсіп бәйек болған аяулы жан әр баласы үшін жүрегі бөлек елжірейтінін, әрқайсысының орны бөлек екенін айтады. Кейбірінен туған анасы бас тартса да бүлдіршіндерді Алланың аманаты деп ұғынған Зүлфия ханым оларға жеке көңіл бөліп, әрқайсысын дара тұлға деп қабылдаған.
Мүгедектігі бар жеткіншектердің бірі саңырау болса, екіншісі мылқау. Ал енді бірі орнынан тұрып, өздігінен жүре де алмайды. Иә, олардың кейбірінің мына әлемде не болып жатқанын түсінуге де қабілеті жетпей, таңнан кешке дейін төсекке таңылып жата береді. Ым-ишараны ұқпайды, тіпті ешкімді танымайды да. Бірақ өздерін бағып-қаққан Зүлфия аналарын көргенде езу тартып, құшағына енуге асығады. Олар ешқандай сөз төркінін ұға алмаса да «Анашым» деген сөздің тереңдігін ұғып қойған. Сондықтан баққан аналарын «Анашым» деп атайды.
Құшағындағы әр баланың тағдыры әртүрлі. Қолсыз туған Нұрбол Құттыбаев аяғымен ас ішеді. Ол осы отбасында өмірге бейімделіп, өздігімен тамақ іше алатын, киіне алатын дәрежеге жеткен. Ал Бағдат болса, Зүлфияның шаңырағына келген тұңғыш бүлдіршін. Туғанынан сал ауруына шалдыққан. Қаһарман ана оның ішер асын аузына апарып, оның қолына айналған. Аяғы жоқ баласын арқалап, жер-жерді аралап көрсетіп, жерді нық басып жүргендей сезім сыйлағысы келеді. Естімейтіннің құлағына, сөйлемейтіннің сөзіне айналған аяулы ананың жанары нұрға, жүрегі мейірімге тұнып тұр. Ортамызда осындай мейірімді адамдардың болғанына да шүкір. Өмір сонысымен құнды.
Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ