Әлеумет

Ауылға үлгі Абдуллаевтар

Биыл 1 наурызда Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына 30 жыл толады. Бұл институт 1995 жылы еліміздегі этносаралық келісім мен татулықты сақтау әрі нығайту үшін құрылған. Қиын кезеңде бірлігіміздің ұйытқысы, берекеміздің бастауы ретінде құрылған институт өзіне жүктелген миссияны абыроймен атқарып келеді.

Жер шарының картасына көз салсақ, қазақ жерінің ұлан-байтақ атырапты алып жатқанын көреміз. Қазақ елінің де көңілі дәл сондай кең, дарқан. Соның арқасында 130-дан аса ұлт пен ұлыс бір шаңырақ астында татулықта өмір сүріп келеді. Солардың басын қосып, біріктіретін, ашық диалогқа шақыратын бірден-бір ұйым – Қазақстан халқы Ассамблеясы.

Осы тұста жергілікті жердегі ұлтаралық татулықты сақтауда шешен ұлтының да қосып отырған үлесі зор. Соның бірі – Абдуллаевтар отбасы.

Бұл отбасы Күреңбел ауылдық округіне қарасты Қаратас ауылында бұрыннан тұрады. Отағасы Идрис Абдуллаев 1962 жылы Қаратас ауылында туған. Ата-бабалары Кавказдан Жуалыға 1944 жылы қоныс аударыпты. Ата-анасы колхозда әртүрлі жұмыс істеп, еңбек еткен қарапайым шаруа азаматтар болған.

Кейіпкеріміз Идрис үйінің кенжесі, алдында екі әпкесі, бір ағасы бар. Ол қазақ жерінде өсіп-жетіліп, отбасын құрып, осы өңірдің дамуына өзіндік үлесін қосқан азамат. Бүгінде бір әулеттің алтын діңгегіне айналған ерлі-зайыпты Идрис пен Табарат екеуі отбасында бес баланы дүниеге әкеліп, тәрбиелеген. Отанасы Табарат Абдуллаева да шешен ұлтының өкілі. Ұлдары – Вахид, Адым және Рамзан ел дамуының түрлі саласында жемісті еңбек етуде. Ал үлкен қыз Санипат тұрмыста, кішісі Жарадат студент.

Олар отбасында шешен ұлтына тән салт-дәстүр, әдет-ғұрыптармен қатар, қазақ дәстүрін де ұстанады. Алпыстың асқарынан асқан шаңырақ иелері елдің ынтымағын, отбасының амандығын тілеп, әрдайым отбасы құндылығын, елдің тыныштығы мен татулығын басты назарда ұстайды.

Отағасы әскери борышын Латвияда өтеп келіп, 1997 жылға дейін колхозда мал дәрігері болып еңбек еткен. Ұжым тарағаннан кейін де осы салада біршама уақыт жұмыс істеген. Одан соң мектепте вахтер болып жұмысқа орналасып, биыл зейнет демалысына шығады. Жұбайы да жастайынан еңбекке араласқан. Қол мен қиялдың еңбегі – тігіншілікпен айналысқан Табарат Абдуллаева отбасылық өмірге қадам басқан соң бала тәрбиесіне көңіл бөледі.

Ынтымақта өмір сүріп жатқан, өңірге сыйлы Абдуллаевтар шаңырағы – ынтымағымен көпке үлгі боларлықтай өнегелі отбасы.

Аида ТҰРҒҰМБЕКОВА,
журналист,
Жуалы ауданы