Қойлары қоңды, тірлігі оңды
Қытымыр қыстан төрт түліктің қоңын түсірмей алып шығу, жаңа туған жас төлдерге тиісті күтім жасау, жалпы мал қыстату мен төлдету жұмыстары – шаруа мен малшы қауымы үшін аса жауапты кезең. Қысы алты айға созылатын Жуалы ауданында өңір шаруалары маңызды науқанды ойдағыдай өткізуде.
Күреңбел ауылындағы «Жанасыл» шаруа қожалығының төрағасы Дархан Стамбеков өңірдің өзге шаруашылықтары сияқты мал қыстату науқанына алдын ала қам жасап, тиянақты дайындалғандарын айтады. Шаруашылықта 800-ге жуық қой мен 100-ден аса жылқы бағылады. Қысқы азық ретінде 20 мың данаға жуық тайланған құнарлы шөп, 100 тонна арпа, бидай дайындалған.
Ендігі кезекте оқырманға шаруашылықтың құрылуы туралы аз-кем ақпарат берген артық болмас. Күреңбел ауылындағы алдыңғы қатарлы «Жанасыл» шаруа қожалығы 2017 жылы құрылған. Жұмыстың негізгі бағыты – асылтұқымды мал басын өсіріп, көбейту. Қой шаруашылығын дамытуды көздеген азамат Шопан ата тұқымының басын көбейтумен бірге, оның сапасына да терең мән берудің қажеттігін айтады.
Дархан өз кезегінде көршілес Түркістан облысының Бәйдібек ауданындағы Жыланды қыстауында асылтұқымды қой өсірумен тұрақты түрде шұғылданатын Орта Азияға танымал шаруа Бекжан Омаровпен ұзақ жылдан бері берік байланыста жұмыс атқарып келеді. «Гиссар», «Байсары» сынды танымал қой тұқымын өсіретін шаруашылықтан алынған аналық бас қойлар (тоқтылар) өңірдің жергілікті табиғатына бейімделіп, қазір өз төлінен көбейтілуде. Ең бастысы, қолға алынған селекциялық жұмыстардың арқасында шаруашылықта жыл санап мал басы көбейіп, асылтұқымды қойдың сапасы да артып келеді. Дарханның қойлары жай малға қарағанда анағұрлым ірі, бойы да биік келеді. Өзінің айтуынша, бір жасар тоқтыларының тірі салмағы 70-75 келіден кем шықпайды. Бұл – ең біріншіден, санға емес, сапаға көңіл бөлу арқылы атқарылған жұмыстың нәтижесі.
Шаруашылықта негізінен қойдың «Гиссар» тұқымын басқа да асылтұқымды қойлармен будандастыру арқылы алынған «Байсары» тұқымы бағылады. Барлығы асылтұқымды қой ретінде тіркелген. Ғылыми бағытта тынбай жұмыс істеудің нәтижесінде «Жанасыл» шаруа қожалығы 2024 жылы «Асылтұқымды қой өсіретін шаруашылық» статусына ие болыпты. Бір сөзбен айтсақ, шаруашылықта қойдың саны мен сапасына терең мән беріледі. Асылтұқымды қой өсіру мақсатында мемлекет тарапынан алған қомақты несиеге 600 қой сатып алынғанын да айта кеткен жөн.
«Мал өсірсең, қой өсір, өнімі оның көл-көсір...» деп білетін еңбексүйгіш халқымыздың тұрмыс-тіршілігінде Шопан ата төлінің маңызы өте зор. Қойды бағу басқа малдарға қарағанда анағұрлым оңай. Тек төлдету науқаны кезінде аналық қой мен жас төлге дұрыс күтім жасалуы тиіс. Олай болмаған жағдайда сапалы төлдің басын еселеп көбейту де мүмкін емес. Жұмысты дұрыс жолға қоя білген «Жанасыл» шаруа қожалығында мал қыстату және қой төлдету науқаны кезіндегі жұмыстар асқан жауапкершілікпен атқарылатындықтан мұнда аналық қойдан 90 пайызға дейін төл алынуда. Малшаруашылығы шығынсыз болмайды, әрине. Алайда бұл – жақсы көрсеткіш.
Шаруашылықтың асылтұқымды қой өсіретінін айтқанымыздай, қой тұқымын ірілендіру, одан сапалы төл алу аналық саулықтармен қатар, қошқардың сапасына да тікелей байланысты екені анық. Бұл мақсатта Бекжан Омаровтан қомақты қаражатқа «Ахиллес», «Лазер», «Рональдо» сынды асылтұқымды ірі қошқарлар сатып алған. Бұл қошқарлардың Жамбыл облысында ұйымдастырылған ауылшаруашылық жануарлары көрмесінде бірнеше мәрте жеңімпаз атанғаны бар.
«Жанасыл» шаруа қожалығында 5 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Олардың еңбегіне жоғары айлық жалақымен қоса, көтермеақы да төленеді. Жұмысшыларға дұрыс жағдай жасауды басты мақсат тұтқан Дарханның өзі де отбасымен бірге қожалықтың мал қыстауындағы үйде тұрады. Шаруашылық ісіне ата-анасы, жұбайы Айгүл тұрақты көмек-қолдау көрсетуде. Отбасында Жанасыл, Бекасыл есімді үйелмелі-сүйелмелі екі ұл желкілдеп өсіп келеді.
Алматы қаласындағы тұрақты дәрігерлік жұмысын ауылдағы шаруашылық ісіне айырбастап, отбасымен туған ауылына қоныс аударған Дархан Рахманқұлұлының алға қойған жоспарлары өте көп. Туған жерге ту тігіп, жаңа жұмыс орындарын құруды көздеген жанашыр азамат алдағы жылдары шаруашылықты аяғынан нық тұрғызып, малдың сапасын арттырып қана қоймай, ауыл маңынан тұрғындарды табиғи жолмен емдейтін сауықтыру орталығын ашсам деген арманын да бізден жасырған жоқ. Отбасына қамқор, туған ауылына жанашыр жанның елді дамытуға бағытталған игі бастамалары жаныңды елжіретпей қоймайды. Үкіметтен қолдау болса, Дархан қай істің де үдесінен шыға біледі. Мұны ол аз уақыттың ішінде адал ісімен, жүйелі жұмысымен дәлелдеп отыр. Біз де туған ауылына жанашыр кәсіпкердің бастамасына сәттілік тілеп қоштастық.
Нұржан МАНАСҰЛЫ,
журналист,
Жуалы ауданы