Ауыл шаруашылығы

Ауылшаруашылығы алға жылжып келеді

Соңғы уақытта облыстың ауылшаруашылығы саласында елеулі өзгерістер мен жаңашылдықтар орын алуда. Әсіресе нарықта бәсекеге қабілетті, сапалы өнім өндіру және агроөнеркәсіп кешенін тиімді басқару, сырттан инвесторлар тарту бағытында ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Бұл асыраушы саланың дамуына, жергілікті өнім өндірушілердің тұрақты қолдауға ие болуы мен ауылшаруашылығы саласының әртараптандырылуына оң ықпал етуде.

Облыстың ауылшаруашылығы саласын дамытуға өткен жылы 33 миллиард теңге бөлініп, 15 мыңнан астам ауылшаруашылығы тауар өндірушілеріне тиісті қолдау көрсетілген. Сондай-ақ қаржы институттары мен микроқаржы ұйымдары арқылы 1 094 агроқұрылымға 16,1 миллиард теңге несие берілген. Нәтижесінде жыл ішінде салада 425,4 миллиард теңгенің ауылшаруашылығы өнімі өндірілді. Ауылшаруашылығы және тамақ өнімдері өндірісінің негізгі капиталына 20 миллиард теңгеге жуық инвестиция тартылған.

Облыс әкімдігі ауылшаруашылығы басқармасының басшысы Қайрат Көшеновтің айтуынша, Үкіметтің статистикалық деректерді нөлге келтіру туралы тапсырмасына сәйкес егіс алқабы 136 мың гектарға қысқартылып, ауылшаруашылық дақылдары 626,7 мың гектарға отырғызылып, жиын-терін науқанында 352,9 мың гектар масақты дәнді дақылға орақ түскен. Орташа өнімділік өткен жылмен салыстырғанда гектарына 10 центнерден 16,6 центнерге дейін артқан. Нәтижесінде 165,2 гектардан 291,5 мың тонна бидай, 187,7 мың гектардан 294,9 мың тонна арпа бастырылыпты. Бұл бұрнағы жылмен салыстырғанда 208 мың тоннаға артық түсім түскенін көрсетеді. Картоп, майлы дақыл, көкөніс және бақша дақылдарынан 2,2 миллион тонна өнім алынған.

Мал азығын дайындауда 305 мың гектар шөп орылып, 3,2 миллион тонна пішен, 99 мың тонна пішендеме, 487,6 мың тонна сабан, 88,1 мың тонна сүрлем жоспарға сәйкес дайындалған. 11,2 мың гектарға егілген қант қызылшасы алқабынан 640 мың тоннадан аса өнім алынған. Орташа өнімділік гектарына 627 центнерді құрап, өнімділік 2 есеге өскен.

Былтыр 26 189,1 мың АҚШ долларын құрайтын 134 мың тонна ауылшаруашылық өнімі экспортталыпты. Оның ішінде өсімдікшаруашылығында 90,5 мың тонна, малшаруашылығында 1,9 мың тонна және 41,4 мың тонна өңделген ауылшаруашылық өнімі сыртқы нарыққа жол тартқан.

Сондай-ақ қазан айында Қатар мемлекетінде экспорттық мүмкіндіктерді кеңейту және халықаралық байланыстарды нығайту мақсатында ұйымдастырылған кездесу барысында «Меркі ет комбинаты» серіктестігі мен «Al Dayat For Trading» компаниясы арасында ет экспортына қатысты келісімдерге қол қойылыпты. Нәтижесінде облыстағы ауылшаруашылық тауарын өндірушілердің Қатар мемлекетіне ет және ет өнімдері экспорты кеңейген.

Мемлекет басшысының 3 жыл ішінде агроөнеркәсіптік кешендегі қайта өңделген өнімнің үлесін 70 пайызға дейін жеткізу туралы тапсырмасын орындау мақсатында облыста қайта өңдеу бағытын дамыту бойынша қарқынды жұмыстар атқарылуда. Қазіргі уақытта облыста етті қайта өңдеумен айналысатын 42 кәсіпорын болса, оның ішінде «Меркі ет комбинаты» мен «Первомайские деликатесы» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері ірі кәсіпорындар қатарына жатады. Өндірілген еттің 13,4 мың тоннасы ішкі тұтынымға пайдаланылса, 7 мың тоннасы қайта өңделген. Кәсіпорындардың жүктелімі 21 пайызды құрайды. Өндірілген сүттің 60,8 мың тоннасы ішкі нарықта тұтынылса, 70,5 мың тоннасы қайта өңдеуден өткен. Кәсіпорындардың жүктелімі – 69 пайыз.

Бүгінде «TRZ AGRO» компаниясының қатысуымен әлеуеті жоғары қайта өңдеу кәсіпорнын құру жоспарланып отыр. Онда құны 2,2 миллиард теңгені құрайтын үздіксіз және ағымды өңдейтін ет өңдеу кешені және өнімділігі жылына 7 мың тоннадан астам дайын өнім шығаратын сою, бөлшектеу, шұжық және консервілеу цехтары іске қосылмақ.

Өндірілген өнімдер толық сатылғанша және кезеңаралық мерзімге сақтап қою жұмыстары да назардан тыс қалмауда. Мәселен, облыс бойынша сыйымдылығы 300 мың тоннаны құрайтын 113 қойма жұмыс істеп тұр. Оның ішінде 4,7 мың тоннаны құрайтын 7 қойма жеміс-жидек сақтауға және 9,5 мың тоннаны құрайтын 10 қойма картоп сақтауға арналған. Бұл қоймаларда жалпы 212,8 мың тонна өнім сақталуда, оның 15,1 мың тоннасы картоп, 5,9 мың тоннасы сәбіз, 159,3 мың тоннасы пияз, 32,5 мың тоннасы басқа да өнімдер. Өткен жылы сыйымдылығы 15,6 мың тонналық жеміс-көкөніс сақтау қоймалары іске қосылыпты.

Облыста жалпы көлемі 27,7 гектарды құрайтын 25 жылыжай бар екен. Оның 20-сы фермерлік, бесеуі өнеркәсіптік жылыжайлар. Онда өндірілетін өнім көлемі 720 тоннаны құраған. Кезінде осы жылыжайлар туралы «Бұл маусымаралық кезеңде көкөністерге деген тұтынушылық сұранысты 10 пайызға жабуға мүмкіндік береді» деген пікір айтылған болатын. Бірақ облыс нарығындағы сұранысты толық қанағаттандыру үшін өңірге қосымша 50 гектар жылыжай салу қажет көрінеді. Сонымен қатар өңірде көкөніс сақтайтын қоймалардың да санын арттырмаса болмайды. Қажеттіліктің өзекті екенін маусымаралық кезең басталмай жатып, бүгінгідей картоп секілді күнделікті тұтынуды қажет ететін көкөніс бағасының қымбаттауы дәлел болып отыр.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ