Бизнесті бейберекет тексеруге болмайды
Облыстық прокуратураның бастамасымен инвесторлар мен бизнесті қорғау мақсатында форум өтті. Іс-шараға облыс әкімі Ербол Қарашөкеев, облыс прокуроры Нұрғалым Әбдіров, жергілікті мемлекеттік органдардың басшылары, бизнес қауымдастық өкілдері және инвесторлар қатысты.
Форум өткен жылдың жұмысын қорытындылауға және кәсіпкерлік саласындағы өзекті мәселелерді талқылауға арналды. Жиынды ашып, жүргізген облыс прокуроры Нұрғалым Әбдіров биыл құны 3 триллион теңгеден асатын 80 инвестициялық жоба прокурорлардың ерекше бақылауында болатынын атап өтті. Бұл инвесторлардың мүдделерін қорғауды қамтамасыз етуге және жобалардың жүйелі жүзеге асырылуына мүмкіндік бермек.
Басқосуда алғаш баяндама жасаған облыс прокурорының аға көмекшісі Абай Алтаевтың айтуынша, заман талабына сай прокуратураның қадағалау қызметіне тиісті өзгерістер еніпті. Мәселен, енді прокурорлар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес инфестициялық жобаларды сүйемелдеумен де айналысады. Өткен жылы прокурорлар бизнесті қорғау және инвестициялық жобаларды сүйемелдеу барысында бірқатар оң нәтижеге қол жеткізген. Атап өтсек, прокурорлар 4 мыңнан аса кәсіпкердің құқығын қорғап, 44 лауазымды тұлға жауапкершілікке тартылған. Фронд-офистер мен сараптамалық кеңес жұмысының нәтижесінде кәсіпкерлердің 5 жүйелі проблемасы оң шешімін тапқан.
Бұдан кейін облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Еркін Атымтаевтың баяндамасы тыңдалды. 2024 жылы палатаға түскен 143 өтініштің 107-сі бизнесті қорғауға қатысты болған, оның ішінде 22-сі оң шешімін тапқан. Қорғалған мүліктік құқықтар сомасы 2 миллиард теңгеге жуықтаған. Бұрнағы жылға қарағанда өтініштердің төмендеуіне тексерулерді тағайындау тәртібін өзгерту, өзара іс-қимыл шеңберінде мемлекеттік органдар мен палатаның мәселелерді бірлесе шешуі себеп болған.
Бұл сұрақтар бойынша облыс әкімінің орынбасары Әбілхайыр Тамабек жауап берді. Мәселен, «Алтын Бұлақ» шаруа қожалығының сұрап отырған 40 гектар жер учаскесі қаланың Бас жоспарында жасыл желек ретінде көрсетіліпті. «KZ Асыл Тұқым» ЖШС қарызының субсидияланбау себебі – ол шетелден мал сатып алғанда облыс әкімдігі ауылшаруашылығы басқармасымен келісімшарт жасаспаған екен. Қалған мәселелер де осы секілді заңдық тұрғыда негізсіз болып шықты.
Өз кезегінде Әбілхайыр Ғалымұлы инвесторларға жағдай жасау бойынша атқарылып жатқан жұмыстар ретін егжей-тегжейлі баяндады.
Форумда Ербол Шырақпайұлы бизнестің құқықтарын қорғаудың өңір экономикасының тұрақты дамуы үшін маңыздылығын атап өтіп, инвесторлар жаңа жұмыс орындарын құру мен жергілікті экономиканың бәсекеге қабілеттілігін арттыруда негізгі рөл атқаратынын сөз етті.
Форумның қорытындысы бойынша облыстық кәсіпкерлер палатасының базасында бизнестің проблемалық мәселелерінің біріккен реестрін құру туралы шешім қабылданды. Бұл кәсіпкерлердің сұрақтарын жүйелендіруге және тиімді шешімдер табуға мүмкіндік бермек.
Нұрым СЫРҒАБАЕВ