Жамбыл жаңалықтары

Жоспарлар жоғары деңгейде орындалуы тиіс

Облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен өткен кезекті аппараттық кеңесте халықты жұмыспен қамту мәселесі қаралды.

Ербол Шырақпайұлының айтуынша, 2024 жылы әлеуметтік саланы дамытуға 46,3 миллиард теңге бөлінген. Өңірлік жұмыспен қамтудың жол картасы аясында облыста 70 мыңнан аса жұмыс орны (51,3 мыңы тұрақты) құрылыпты. Бүгінгі таңда өңірдегі жұмыссыздық деңгейі 4,8 пайызды құрайды. Сондай-ақ 2025 жылы 68 мың жұмыс орнын (42 мыңы тұрақты) құру жоспарланып отыр.

Күн тәртібіндегі мәселе бойынша облыс әкімдігі жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Еркін Келесовтың баяндамасы тыңдалды. Басқарма басшысының келтірген деректеріне сүйенсек, облыстағы жұмыс күші – 572 мың адам. Ал жұмыспен қамтылған халық саны – 544,7 мың адам. Биылғы жылы басқарманың жетекшілік ететін бағыттары бойынша әлеуметтік салаға 54,4 миллиард теңге қаралыпты.

Электронды еңбек биржасында облыс бойынша 2024 жылы 313 жоба енгізіліп, онда 3 113 жұмыс орны ашылуы тиіс болатын. Жылдың қорытындысымен электронды еңбек биржасына белгіленген жоспарға сәйкес 311 жоба іске асырылып, бос жұмыс орындарына 3 160 адам жұмысқа орналастырылған. Алайда жұмысқа орналасқан 3 160 адамның тек 2 576-сына ғана зейнетақы жарналары аударылған. 2025 жылға 311 жоба белгіленіп, 3 115 жұмыс орнын құру межеленіп отыр.

Сол секілді облыс бойынша субсидияланатын жұмыс орындарына 15 197 адамды тарту көзделген.

Басқарма басшысының айтуынша, екінші бағыт бойынша 2024 жылы атаулы әлеуметтік көмек 5 876 отбасындағы 31 497 адамға (2,9 миллиард теңге) төленген. Биыл атаулы әлеуметтік көмек алушы 52 652 адамға барлығы 4,2 миллиард теңге қаржы қарастырылыпты. Атаулы әлеуметтік көмек алушылардың арасында еңбекке қабілетті 7 321 адам болса, оның ішінде 6 243 адам жұмыспен қамтылып, орындалуы 85,3 пайызды құраған.

Жалпы баяндамада аталған бағыттар бойынша белгіленген шараларды толығымен жүзеге асыру арқылы 2025 жылға арналған жоспарлы көрсеткіштер толық орындалатын болады.

Кеңестің қорытындысы бойынша Ербол Қарашөкеев халықты жұмыспен қамту шараларын одан әрі дамыту қажеттігін атап өтті. Оның айтуынша, жоспарланған жұмыс орындары мен әлеуметтік қолдау шаралары толық орындалуы тиіс. Әсіресе мүгедектігі бар балаларды оңалту орталықтарының құрылуы, соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлеріне көрсетілетін көмек мәселесі маңызды. Облыс басшысы ардагерлерге берілетін қаржы көлемін ұлғайтуды тапсырды. Қазіргі 1,5 миллион теңге мөлшерін жеткіліксіз деп санаған аймақ басшысы бұл соманы көбейту қажеттігін жеткізді. Облыс әкімі жауапты мемлекеттік органдарға қаржыны дұрыс пайдалану және көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыру туралы нақты тапсырмалар берді. Облыс бойынша барлық әлеуметтік шаралардың жүзеге асырылуын қамтамасыз ету үшін жүйелі жұмыс жүргізу қажет. 2025 жылға арналған жоспарлар жоғары деңгейде орындалуы тиіс.

Айжан ӨЗБЕКОВА