Жаңалықтар

Таразда Пушкин оқулары өтті

Жамбыл облысындағы Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық жоғары колледжінде жастар арасында кітап оқу мәдениетін дамыту, дарынды жастарға қолдау көрсету және славян халықтарының мәдениеті мен әдебиетін кеңінен насихаттауға бағытталған Пушкин оқулары байқауы ұйымдастырылды,деп хабарлайды arainfo.kz.

Бұл әдеби шара Жамбыл облысының техникалық және кәсіптік білім беруді дамыту орталығымен бірлесе өткізілді. 

Қатысушылар арасында өңіріміздің түкпір-түкпірінен келген талантты жастар мен аймақтағы қазақ және орыс тілдерінде білім беретін колледждердің І және ІІ курс студенттері болды. Іс-шара Пушкиннің поэзиясына азды-көпті шолу жасаумен басталып, одан кейін қатысушылар ұлы ақынның шығармаларын қазақ және орыс тілдерінде мәнерлеп оқыды. Ақын шығармаларына жазылған әндер мен романстар да көпшілік назарына ұсынылды.

Студенттердің өлеңді терең түсініп, жүрек сүзгісінен өткізіп оқуы көрермендерді таңғалдырып, көпшіліктің қошеметіне бөленді. Қазылардың шешімі бойынша байқаудың жеңімпазы болып Қордай ауданындағы «Береке» гуманитарлық-техникалық колледжінің студенті Гүлханым Хазиева мен Құлан агротехникалық жоғары колледжінің студенті Нұржан Шайхысламов танылды. Жүлделі ІІ орынға Қордай ауыл шаруашылығы колледжінің студенті Руслана Райымбекова мен Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық жоғары колледжінің студенті Камила Гимаева жайғасты. Үздік үштікті Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық жоғары колледжінің студенттері Мадина Мұхамедьяров пен Нұрсұлтан Жұмасіл тұйықтады.

Іс-шара соңында белсенділік танытып, шараға атсалысқан қатысушыларға Алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табыс етілді.

Айта кетейік, қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбаев Пушкиннің өлеңдерін шеберлікпен аударып, қазақ тілінде сөйлеткені белгілі. Абай өзінің шығармашылығында Пушкиннің ең таңдаулы туындысы «Евгений Онегинді» жоғары бағалап, оны қазақ әдебиетінің қазынасына қосқан. Осылайша, Пушкиннің шығармалары қазақ жастары үшін де таныс әрі қымбат.

Аймгуль СЕЙСЕНБАЕВА,
Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық жоғары колледжінің орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі