Жаңалықтар

«Жатақханаға орналасу оңайға соқпады»

Теміржан ІЗТІЛЕУОВ, Жамбыл ауданы әкімдігі ішкі саясат бөлімінің басшысы:

– Үлкен шаһарға ілім іздеп келген кез келген студент үшін ең маңызды мәселе – жатақхана. Студенттерді әуре-сарсаңға салатын осы мәселеге мен де тап болдым.

Мектепті 2013 жылы аяқтап, Астана қаласындағы Қазақ гуманитарлық заң университетіне оқуға қабылдандым. Аталған оқу орны республика бойынша 10 грант бөлген екен, жолым болып, грантқа іліктім. Шәкіртақы алу, тегін оқу мүмкіндігіне ие болғаныммен жатақханада тұру үшін шамалы әуреленуге тура келді. Себебі жатақханаға орналасуға өтінімді кеш беріп қойған екенмін.

Студенттік жылдарымның алғашқы күндерінде жақын туысымның үйінде жатып оқыдым. Бірақ жатақханаға ауысқым келіп күн сайын деканның алдына баратынмын. «Оқушы кезде белсенді болғанмын, университетте де көп жетістікке жететініме сенемін. Сондықтан жатақханаға орналасуға көмектессеңіз» деп деканаттың табалдырығын тоздырғанмын. Бірақ университетте мектепте қалай оқығаның, бұрынғы жетістігің маңызға ие емес. Әр нәрсенің өз тәртібі, талабы бар.

Оқу орындары студенттердің барлығын жатақханамен қамти алмайтыны белгілі. Сол үшін әр оқу орны өзінің ішкі ережесіне қарай әрекет етеді. Мысалы, жатақханамен бірінші кезекте алыс ауылдан келгендер, жетім балалар, көпбалалы отбасынан шыққан балалар, грантқа түскен бірінші курс студенттеріне және «Алтын белгі» иегерлеріне беріледі. Оны жақсы түсінемін, бірақ үмітімді де үзгім келмейді.

Пәтер жалдайын десем, ақысы қымбат, жатақханаға қол жеткізу арман болып жүргенде уайымға салған мәселе өздігінен шешілді. Оқиға былай болды, бір күні университетіміздің ректоры болған Мақсұт Нәрікбаев студенттермен кездесуге келді. Ол кісі сол жылдары университеттің президенті еді. Аталған кездесуге ойламаған жерден барғанмын. Сәйкестік пе білмедім, жиында университеттегі барлық студенттердің атынан сөз сөйлейтін жігіт ауырып қалыпты. Уақыт болса тығыз, ұйымдастырушылар сырқаттанып қалған баланы алмастыратын адам таппай тұр екен. Менің тұрғанымды байқаған 3-курста оқитын белсенді жігіт жаныма келіп: «Теміржан сөз саптауың қалай? Президенттің алдында сөз сөйлеу қажет болып тұр», – деді. Сеніп тұрған соң үдеден шыға білген жақсы. Келісімімді беріп, күтпеген жерден үлкен тұлғаның алдында сөз алып, барша 1-курс студенттері атынан алғыс білдірдім. Қобалжымай, нық сөйлегенімді көріп, белсенділігімді байқаған деканымыздың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Жанна Арыстанбекқызы деген кісі деканатқа шақырды. Мәселемді бірден түртіп алып, жатақханаға өзі орналастырып берген.

Алайда мұнымен мен бір оқу жылының мәселесін ғана шештім. Белсенді студенттер екінші-үшінші курста да жатақханада жатуға мүмкіндік ала алады. Ескерерлігі, ер-азаматтарға арналған студенттер үйінде 400-ге жуық орын болса, университеттегі жалпы студенттер саны 5 мыңнан асып жығылады. Жатақханадағы орнымнан айырылып қалмайын деп барынша белсенді болуға тырыстым. Жылы бөлмемнен айырылып қалмайын деген мотивацияның арқасында екінші курста университетте жоғары студенттік кеңеске төраға болып сайланғаным бар. Оқу орнында жұмыс істейтін көптеген студенттік ұйым жетекшілері кеңеске мүше болса, мен сол ұйым жетекшілеріне төрағалық етемін. Осылайша жатақханада үш жыл тұрып, қызықты күндерді бастан өткіздім. Жатақханада бірге тұрған достарыммен әлі күнге дейін араласып тұрамын.

Тағы бір есте қалғаны, ай сайын ата-анамнан 30 мың ақша түсіп тұратын, одан бөлек 16 500 теңге көлемінде шәкіртақы аламын. Сонда үйден келген қаражат тез жаратылып кететін де, шәкіртақым бір берекелі болып ұзаққа жететін. Өз еңбегіңмен тапқан ақшаның қадірін білгенімізден шығар, бәлкім.

Ақтоты ЖАҢАБАЙ