Кәсіп

«Robo Park Taraz»-дың болашағы зор

Бұрындары мектепте оқып жүргенде үйірме жетекшілерінің сынып-сыныпты аралап, өз шеберлік сабағына қатысуға шақырып жүретінін жиі көретінмін. Ол кезде ән-би, сурет, тігін-тоқыма, спорт секциялары танымал болатын. Қазір бәрі басқаша. Баласының әр сағатын пайдалы іспен өткізгенін қалайтын ата-аналар ұл-қыздарын логика, ментальді арифметика, робототехника, жылдам оқу, шешендік өнер, актерлік шеберлік, журналистика, шет тілдерін және өзге де салаларды меңгеруге арналған түрлі курстарға қатыстыруды жөн санайды. Соңғы уақытта әсіресе робототехникаға қызығушылық жыл сайын артып келеді.

Облысымызда да IT салада мықтылығын дәлелдеп жүрген өрендер аз емес. Робототехника бойынша білім беретін үйірме де, сол секілді кәсіби мамандар да жеткілікті. Балаларды заманауи ілімге баулып жүрген жастың бірі – Әлихан Әділ.

Кейіпкеріміз М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінде «Музыка мұғалімдерін даярлау» мамандығы бойынша білім алған. Алайда IT сала жанына жақын болған соң Шымкент қаласындағы «Robo Park» робототехника мектебінен алғашқы базалық білім алуды жөн көреді. Мұнымен тоқтап қалғысы келмегендіктен Астанаға аттанып, «Robotek» мектебінен «Спорттық бағыттағы робототехника» бағыты бойынша арнайы курстан өтеді. Сонымен қатар «Arduino» бағыты бойынша да онлайн курс оқиды.

Жас кәсіпкердің айтуынша, «Robo Park Taraz» жобасы 4-15 жас аралығындағы балаларды робототехникаға үйретуге, олардың бағдарламалау және робот құрастыру дағдыларын қалыптастыруға бағытталған. Үйірмедегі оқу бағдарламасы «Robosport» және «Robo Project» деп аталатын екі негізгі бағытқа бөлінген. Үйірмеде оқушылар нақты ережелерді пайдалана отырып өз қиялы бойынша роботтар құрастырып, әлемдік мәселелерді шешуге арналған жобаларды әзірлей алады.

Тараз қаласындағы А.Пушкин атындағы №41 мектептің оқушысы, кейіпкеріміздің тәрбиеленушісі тоғыз жасар Әлинұр Нурулла үйірмеде білім ала жүріп 2 рет республикалық ашық чемпионаттың жеңімпазы атанған.

Жобаның кезең-кезеңімен жүзеге асырылатынын айтқан Әлихан алғашқы алты ай ішінде озық робототехника жабдықтарын сатып алуға басты назар аударылатынын жеткізді. Мұнан соң жаңа оқу жоспарының модульдерін әзірлеуге және нақтылауға күш салмақ. Одан кейін халықаралық жарыстарға жиі қатысып, шетелдіктермен серіктестік орнату мақсаты тұр. Осылайша жоба авторы бір жарым-екі жыл аралығында IT технопаркін робототехника саласындағы аймақтық көшбасшыға айналдыруды көздеп отыр.

Кейіпкеріміздің сөзіне сүйенсек, баласын өзінің робототехника үйірмесіне бергісі келетін ата-аналар да күн санап артып келеді екен. Мәселен, Әлиханның тағы бір талантты оқушысы Бақдәулет Өмірәлінің ата-анасы Ардақ пен Эльвира баласының дәл осы ағайдан тәлім алып жүргеніне қуанатынын айтады.

Осылайша жас буынмен бірге еліміздің робототехника саласы да бой көтеруде. Әлихан секілді ел тағдырына жанашыр жастардың арқасында адам өмірін жеңілдетуге арналған роботтарды күнделікті өмірде қолданатын уақыт та алыс емес секілді.

Ақтоты ЖАҢАБАЙ