Мәдениет

Қарашаңырақтың қадірі, қара жерге кіргенше

Бүтін бір отбасының қатар өрілген қуаныш пен қайғы, ұмытылмас есті естеліктерін бойына сіңірген, шаңырағы шаттыққа толы, босағасына бақ байланған, қабырғасы – құбыла, табалдырығы – тау, түндігі тұмарға айналған қараша үйді қазақ «Қарашаңырақ» деп атаған. Кеуденің сол тұсындағы жұдырықтай жүрек атты бұлшықетті ойлаған сайын «бүлк» еткізетін осы бір киелі ұғым бесіктен бейітке дейін санадан сызылмайды.

Шалғай ауылдардан әр үй үдере көшкенде бір қауым елден бір-ақ үй болып тұрақтап, көшке ілеспей қалғандар бірен-саран. Сол жалғыз түтін болып қорым күзетіп қалғандарды қарашаңырақтың түсінік-тұтқасы ұстап тұр. Расында, дуалына дұға сіңген алтын діңгектің бағасы жоқ, ешқашан болмаған да. Ойға алғаннан алпыс екі тамырыңды иітіп, тұла бойыңды шымырлатып қоятын бұл теңдессіз сезімнің қарашаңырақтан алған қуаты қара жерге кіргенше тарқамайтыны анық.

Ал қазір ше? Кетпенін ұстай қалсаң, көкжиекке көз жүгіртіп, ойға шомған қарт атаңның, шарбағына сүйене қалсаң, немересінің жанын жаулығының ұшына түйген асыл әжеңнің үні құлағыңа келе қоятын дала заңын кім ұстанып жүр? Қара балаға қаршадайынан қарашаңырақтың иесі мен киесін ұғындырып, мұржасынан шыққан түтінінің өзін бақыт деп ұғатындар бар ма? Әлде «балапан басымен, тұрымтай тұсымен кеттінің» керімен ұрпағымызға туған емес, тойған жерінің топырағы қымбат болып тұр ма? Осы жауапқа жауап іздеп көрелік.

Қаусаған қара шалдың бүгінде қарашаңырақ былай тұрсын, қарттар үйін мекен етіп жатқанын көріп жүрміз. Жасы сексеннің сеңгіріне жеткен ақсақалдан атауынан ат үркетін бұл орталыққа қалай тап болғанын сұрадық. Қазақ деген атымызға сын – қарттар үйінің табалдырығын аттағанына бес-алты жылдың жүзі болған қария кемсеңдеп отырып өмір тарихын түсіндіруге тырысты.

«Парижде болдым – Париж түсіме кірмеді. Мысырда болдым – Мысыр түсіме кірмеді. Қытай, Моңғолстан, Үндістан, Пәкістан, Иран бардым. Мұхиттың арғы бетіндегі Техаста, Чикагода, Нью-Йоркте болдым – олар да түсіме кірмеді. Баяғыда Мәскеуде бес жыл оқыдым – оны да түсімде көрмедім. Түсімде ылғи балалық шағымды көремін. Түсіме күн сайын Мыңбұлақ кіреді» дейді жазушы Шерхан Мұртаза «Ай мен Айша» романында. Жазушының кеудесінің сол тұсын шымырлатып, тамырын солқылдата сығып, түсіне кіріп, мәңгілік сағыныш символына айналған елді мекен – туған жері, сондағы қарашаңырағы...

Талас ауданы, Майтөбе ауылының тұрғыны Нұржан Ізетбаев – қырықтың қырқасына шыққан азамат. Бүгінде тоғыз перзент тәрбиелеп отырған көпбалалы әке. Ол қарашаңырағын көзінің қарашығындай қастерлейтінін айтты.

Осындайда «Ауылдан адам көшсе де, адамнан ауыл көшпейді» деген өлең жолдары ойыңа еріксіз орала кетеді екен. Жамбыл ауданының Аса ауылынан көшіп, бүгінде Таразға тұрақтаған Азамат Ауғанбаймен де тілдескен едік.

Адалдық пен аңғалдықтың, тұрақтылық пен шынайылықтың символына айналған ауылдың іргесі ешқашан сөгілмеуі керек. Расында, қалалықтардың дамылсыз тіршіліктен шаршаған сәтте бір сәт тыныстап, сағынышын жеткізіп, ауылдықтардың ыстық ықыласына бөленіп қайтар темірқазығы емес пе?  Сол үшін ауылдың еңсесін биіктете түскеніміз абзал. Бұл туралы жасы жетпіске таяған қария Елубай Ақберен айтып берді.

...Мен де соңыма бұрылып қарадым. Алыстан атасы ерттеп берген тұлпарына мініп, тұлымы желбіреп шауып жүрген жалғыз інімнің ұлын көрдім. Әкемнің кеше ғана түсімде жымиған күлкісі елес беріп еді. Қазақ «Өлі риза болмай, тірі байымайды» деген сөзді бекер айтпаса керек. Шүкір, орнында бар оңалар. Қарашаңырақ қаңырап қалмаса болды.

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ