Денсаулық

Тегін медициналық көмек қолжетімді ме?

Ел ішінде тегін медициналық көмектің қолжетімділігіне байланысты әртүрлі пікірлер бар. Жұмыс істеп, жалақыңнан белгілі бір пайызын ұстап тұрған соң жұрт тегін және сапалы ем алғысы келеді. Алайда ем алушылар арасында осы мәселеге байланысты көңіл толмаушылық бар екенін жасыра алмайсың.

Негізі Қазақстанның әр азаматы кепілді көлемдегі тегін медициналық көмек алуға құқылы ғой. Егер өз басымнан мысал келтіретін болсам, соңғы бір-екі жылдың көлемінде Тараз қаласында өзім тіркеуге тұрған емханаға барып түрлі анализ тапсырдым, рентген аппаратына түстім. Бұл қызметтер үшін ешкімге ешқандай ақы төлеген жоқпын. Барлығы тегін атқарылды.

Жақында жұбайым көзіне ота жасатты. Сол кезде де алдын ала анализдердің барлығын дерлік тегін тапсырды. Тек бір-екі анализді ғана тапсыруға ақы төледік. Себебін сұраған едік, емхана қызметкерлері бұл анализдер тегін көрсетілетін медициналық көмектің тізбесінде жоқ екенін айтты. Шынында, біз ойлап жүргендей, ауруханаға барсаң бәрі тегін емес екен. Тегін көрсетілетін қызметтің де өз шегі бар. Кейде тегін медициналық көмектің қолжетімділігіне байланысты әртүрлі пікірлер осыдан да келіп туындайды ма деп ойлаймын.

Қазіргі медицина мекемелері мемлекеттік тапсырыс шеңберінде жұмыс істейтін сияқты. Содан жылдың соңына таман тапсырыс көлемі аяқталып қалып, сол кезде де дау болып жатады. Жалпы алғанда, тегін медициналық көмектің қолжетімділігіне байланысты даулар тез реттеліп отырады. Кейде емдеу мекемелерінде осындай даулардың өршуіне адами факторлар да себеп болады. Бірақ тегін медициналық көмектің қолжетімділігі реттелген, бір жолға түскен жүйе екенін мойындауымыз қажет. Егер науқас өз құқын жақсы біліп, оны қорғай білсе, пәлендей проблема болмайды деп ойлаймын.

Енді ең басты мәселе – медициналық қызмет көрсетудің сапасы. Ақ халатты абзал жандардың мейірімді, қамқор болуының өзі де дертке мың дауа болса керек. Әрине, бәріне бірдей күйе жағуға болмас, бірақ мемлекеттік медициналық мекемелерге қарағанда жекеменшік мекемелерде келушілерге көп ықылас танытатын сияқты. Бәлкім, ол клиентті көп тарту үшін де жасалатын шығар. Әйтеуір жекеменшік емдеу орындарына бара қалсаң, бар жағдайыңды жасауға тырысады.

Облыстық мәслихаттың соңғы сессиясында 2025 жылдың бюджеті қаралды. Сол кезде денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарып жүрген басшыдан депутаттар «Қандай проблемаларыңыз бар?» деп сұрап еді, созылмалы аурулардың біріне қаржы жеткілікті бөлінбегенін айтты. Депутаттар тез арада ұсыныс беріп, әлгі дертке шалдыққандардың тегін емделуіне 300 миллион теңгеден астам қаржы қарастырды.

Жалпы алғанда, тегін медициналық көмектің қолжетімділігі тек дәрігерлерге ғана телінген жұмыс емес, бұл бәрімізге тікелей байланысты. Осы мәселеде қандай проблема бар, әрбір емделуші соны дер кезінде және батыл түрде айта білуі керек. Сонда ғана кемшілік жойылады.

Оралхан ДӘУІТ,
облыстық мәслихаттың депутаты