Әлеумет

Мерзімі өтіп кеткен тауарды сату – заңсыздық

Әр шаңырақ жаңа жылдың алғашқы күндерін мерекенің лебімен, құттықтап келген дос-жаранның ортасында, ақ дастарқан басында қарсы алады. Біз де қонақтарын Құдайындай сыйлаған ауылдағы ағайындардың дастарқанының төрінде тәттінің төресі торт тұрсын деп, Тараз қаласындағы «Қаратау» ықшамауданында орналасқан «AVATARIYA» ойын-сауық орталығындағы «Тәтті себет» азық-түлік дүкеніне арнайы бас сұқтық.

Таңдауымыз бетіне дала гүлдері бейнеленген айшықты тортқа түсті. Жарамдылық мерзіміне ғана емес, сондай-ақ қаптамасында жазылған ақпаратқа да назар аудардық. Жарамдылық мерзімі бүгін-ертең аяқталатын торттарға жеңілдік қарастырылғанын, 50 пайызға дейін бағасы арзандатылғанын байқадық. Бірақ біз сөреге сол күні ғана қойылған, бір күн бұрын ғана пісірілген тортты сатып алып, ауылдағы ағайын дәм татсын деп беріп жібердік. Кешкісін жиылған қонақтың алдында тортты кескенде іші көгеріп, иістеніп кеткені мәлім болыпты.

Торттың суретін «WhatsApp» желісі арқылы туыстарымыз жіберді. Тауарды өз көзімізбен көргенде расымен де көгеріп кеткенінің куәсі болдық. Бағасы жазылған түбіртекті тастай салған едік. Мұндай жағдайда түбіртектің болуы шарт екенін сатушылар түсіндіріп бақты. Алайда табандап тұрып алғанымыздың арқасында бейнекамераны қостырып, бірнеше сағат бұрын торт сатып алғанымызды дәлелдедік. «Тәтті себет» қызметкерлері ақшамызды қайтарып берді. Сондай-ақ торттың көгеріп кеткенін тортты пісіріп, дүкенге өткізушілердің салғырттығынан деп түсіндірді. Сондықтан да торттың бүлініп үлгергенінен бейхабар екендіктерін айтты. Соңында мерзімі өткен тауарларды сөреден алып тастауға уәде беріп, шығарып салды.

Алайда ертесіне дәл сол дүкеннен майшабақ (селедка) балық сатып алдық. Ыдыстың сыртындағы қаптамада шыққанына бір-ақ күн болғаны жазылып тұрды.

Кешке қонақ күтіп, мәре-сәре болдық. Дастарқандағы балықтан ауыз тигенім сол еді, дәмі біртүрлі екені білінді. Сол мезетте-ақ үстелден алып тастадық. Алайда балықтың бір түйірі асқазанға жол тартып үлгерген еді. Екі күн ауырып, әрең бас көтердім...

Сонымен не керек, бір емес, екі рет мерзімі өтіп кеткен тауар алып, түңіліп кеткендіктен «Мұндай жағдайға не істеу керек?» деген сұрақты алға тартып, облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментіне хабарласқан едік.

Облыс бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне де хабарласып, осындай келеңсіз оқиғалар қаншалықты жиі болып тұратынын және оларға қандай шара қолданылып жатқанын сұрадық. Өткен жылы департаментке 1 133 адам өтінім түсірген екен. Мамандар бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 50,4 пайызға көп екенін жеткізді. Оның ішінде 1 024 шағымды жазған азамат департаментке құқығының бұзылуына қатысты қайырылған.

Мақаланы жазу барысында тұрғындармен де тілдесіп, біз секілді мерзімі өткен тауарлардан зардап шеккендердің көп екенін аңғардық.

Абдуахит Аксенов қаңтар айының 5 күні досымен бірге «AVATARIYA» ойын-сауық орталығындағы «Тәтті себет» дүкенінен балық сатып алған.

Осы орайда Ұлтуар Бекбауова да өз басынан өткен оқиғасымен бөлісті.

Иістеніп, бүлініп үлгерген тауарды дер кезінде сезіп қалу бір бөлек. Ал білмей жеп қойып, денсаулығына нұқсан келетіндер қаншама?! Әсіресе жарнамалық акциялар мен жаппай сатылымдарға сену дұрыс емес. Акциялар әдетте пайда табу үшін ұйымдастырылады. Мысалы, акция кезінде бүлінген, тіпті жарамдылық мерзімі өткен өнімдердің сатылуы мүмкін. Сол себепті «жеңілдік» жасалатын тауарларды сатып аларда мұқият тексеру қажет.

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ