Кәсіп

Ағаштан түйін түйген шебер

Әкемнің қағазға тізбектеп жазған әулетіміздің шежіресі шаң басып сөреде жатқанына қаншама жыл болды. Бірде сол шежірені үлкен плакатқа жаздырып, арнайы рамкаға салып, әкемді қуантуды ойладым. Алайда компьютерлік қызмет көрсету орталығында тұрғанымда бір жас жігіт: «Мұны қағазға қайта жазғанша ағашқа ойып жазып, төрге іліп қою әдемі көрінбей ме?» – деп үлкен ой тастады. Сөйтіп, әлгі жігіттен шежірені ағашқа ойып жазатын шебердің байланыс нөмірін алып, табан астында әуелгі ойымнан айнып, орталықтан шығып кете бардым.

... Бауыржан Баялиев 3 қыз, 1 ұл тәрбиелеп отырған азамат. 1985 жылы Жуалы ауданы, Бауыржан Момышұлы ауылында туып-өскен. 2006 жылы М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің «Экономика және бизнес» факультетін тәмамдаған соң әскерге аттанып, Отан алдындағы борышын өтеп келген.

Бауыржан жастайынан мемлекеттік қызметкер болуға қызығушылық танытқанымен жеке кәсіппен айналысуды о бастан көздегенін айтады.

Шынында, адам мінезі әртүрлі болып келеді. Тапсырыс берушілер шеберге түрлі көзқараспен қарайтыны белгілі. Алайда Бауыржан осы кәсіпті бастағалы бері тапсырыс берушілерден бірде-бір шағым түспеген. Сонымен қатар тапсырыстың сынып немесе желімі ажырап, жапсарланған әріптерінің түсіп қалуы сынды мәселелер ешқашан туындаған емес. Барлығы жоғары деңгейде жасалады. Цехта Бауыржанды қосқанда барлығы 3 адам жұмыс істейді. Бірі «Instagram», «TikTok» парақшаларында жарнамамен айналысса, енді біріне ағашты тазалау, тегістеу жұмыстары жүктелген.

Жалпы қолөнер күн өткен сайын дамып, дәуір толқынымен түрленіп отыратыны белгілі. Қазіргі қоғамда жеті атасын білмейтін жастар аз емес. Осы бір тұста шежірені ағашқа ойып жазып, оны төрге іліп қою оңтайлы шешім болатындай. Себебі бала көзбен өседі, көргенін біліп, түйеді.

Міне, осылайша қолөнер шеберімен жақынырақ танысып, тапсырыс беріп те, әңгімелесіп те үлгердім. Ашық-жарқын мінезі кез келген адамды қайта келмесіне қоймайтындай. Енді бір-екі күнде тапсырысым дайын болса, ауылға барып, әкемді қуантпақпын.

Мұқағали БАЛТАБАЕВ